blog Images

ШАРАПАТЫ МОЛ-ШАҒБАН АЙЫ

                                                                                                 بسم الله الرحمن الحيم 

                                               الحمد الله رب العالمين و الصلاة و السلام على سيدنا محمد و على آله وصحبه أجمعين، أما بعد 

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның отбасына сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын. 

            Асыл дініміз Исламда бір айдың бір айдан, бір күннің екінші бір күннен артықшылық жоқ.  Алланың алдында тең дәрежеде. Алайда, айтулы оқиғалар, ерекше құбылыстар кейбір айлар, күндер мен түндерде орын алғандықтан Алланың құзырында қасиетті, берекелі болып саналады. Осындай қасиетімен қастерленген, берекесімен нұрланған уақыттарда істелген ізгі амалдар Алланың сүйіпеншілігіне бөлініп, суаптар еселенетіні Алла Елшісінің хадистерінде адамзат баласын сүйіншілеген. Сондай берекетті айлардың бірі Шарапаты мол Шағбан айы. 

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде:  

                                          اللهم بارك لنا في رجب و شعبان و بلغنا رمضان 

“Аллаһым, бізге ережеп пен шағбанда береке беріп, рамазанға аман есен жеткізегөр” деп ерекше Аллаға дұға етіп,  Алла Елшісі осы Шағбан айын берекелі болуын сұрап тұр. 

 Әнәс ибн Малик (оған Алла разы болсын) жеткізген басқа бір хадисінде: 

                                      رجب شهر الله  و شعبان شهري و رمضان شهر أمتي 

“Ережеп Алланың айы ал Шағбан менің айым ал Рамазан үмметімнің айы” деп айтқан. 

Бұл айда жасалатын  игі амалдардың ең негізгісі нәпіл ораза тұту. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммад (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басқа айларға қарағанда осы Шағбан айында өте көп ораза тұтқан. Және сахабаларына да үйреткен.  

Сахаби Усама  ибн Зәйд (оған Алла разы болсын) оның себебін сұрағанда Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Бұл айда барлық істер әлемдердің Раббысына көтеріледі. Меніңде істерім Алланың құзырына ауызым берік болған күйде көтерілуін қалаймын!”  – деп жауап берген екен. (Имам Нәсәи 2357) 

Дей тұрғанмен бұл айда қанша күн, қай күндері  ораза тұту керектігі нақты айтылмаған. Сондықтан да қанша күн тұтамын десе адамның өз ихтиярына қалдырылған. Ал енді Алла Елшісінің басқа айларда дүйсенбі, бейсенбі күндері тұтқан сүннет оразасын ескеріп,  сол күндері тұтатын болсақ, әрі сүннетті орындаған әрі нәпіл ораза тұтқанмен бірдей сауапқа кенеледі екенбіз. Асыл дінімізде қасиетті, берекесі мол ерекше танылған төрт түніміз бар. Олар: Рағайб, Миғраж, Баарат және Қадыр түндері. Осы аталған түндердің біреуі яғни Баарат түні осы Шағбан айында бекітілген. Бұл түн Шағбан айының он бесінші жұлдызында орын алған. Баарат сөзі – күнәлардан тазаланып, оттан құтылу деген мағынаға саяды. 

Баратын түні жайында Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай айтқан. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) менен “Бұл түннің не екенін білесіңбе?” – деп сұрады. Мен “Алла және оның Елшісі жақсырақ білуші!”- дедім. Сонда ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) “Бұл – Шағбан айының он бесінші түні. Алла Тағала бұл түні құлдарына мейіріммен қарайды, кешірім іздеушілерге кешірім береді, кешірім сұраушыларға Өзінің мейірімін төгеді. Бірақ жүрегінде ашу-ызасы бар кісілерді мейірімсіз қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды да”, – деді (имам Байхақи.) 

Демек осы хадистен түсінгеніміздей осындай айтулы күндерді бос өткізіп алмай мейлінше жақсылық жасап, игі амалдар атқаруымыз керек екен. Күндізімізді ораза тұтумен түнімізді салауат, зікір тахаджуд намаздармен өткізуіміз ләзім. Араздасқан жақындарымызбен татуласып, олардың хақысынада Алладан жарылқау тілегеніміз жөн екен. 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзін әрі жалғап, “Онда адам балаларының осы жылда туылатыны және осы жылы дүниеден өтетіндері жазылады. Онда олардың амалдары Алланың құзырына көтеріліп, ризықтары пенделеріне түседі яғни беріледі”, деді. (Мишкат әл-Мәсәәбих 115) 

Алла Тағала пендесінен бірнеше нәрсені жасырған ол жайында пенделеріне тіпті одан қала берді елшілерінеде, періштелерінеде білім берілмеген. Соның бірі әрі бірегейі ол – пендесінің ажалы. Ал енді адам баласы өзінің қашан дүниеден өтетіні бей мәлім болатын болса,  ол әрбір сәтіне ыждағаттылық танытуы ләзім. Ол барынша мынау қамшының сабындай қысқа өмірде, әрбір уақытын бағалап, ғанимет тұтуы  керек. Барынша сауапты амалдарды көптеп жасап қалуға белсенді болуы керек.  Осындай,  Алланың қәтелерді кешіріп, сауаптарды еселеп беретін, күндері мен түндерін тағатымыз таусылғанша пайдаланып, ахирет жұртына ақ жүзді аброймен баруымызға талпынуымыз керек. Қазақ даналығында “Талпынған жетер мұратқа” демекші сонда ғана мұратқа жетіп, мәңгі бақытқа қауышамыз! 

Сөзіміздің басындағы келтірілген хадиске зер салып қарар болсақ, Пайғамбарымыз Мұхаммед  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы аталған үш айға ерекше мән беріп, Алладан олардың берекелі болуын тіледі. Және сол айларда құлшылықтың түріне ораза тұтуға басымдылық бергенін байқаймыз. Бұның хикметі, мұслман адам өзін Алланың мұсылман пендесіне бұйырған парыз оразасына бірте-бірте рухани хәм физикалық тұрғыдан дайындық жүргізуінде. Біз логикалық тұрғыдан бір сәт ойланып көретін болсақ, Рамазан айында парыз болған оразаны еш дайындықсыз бастап кетер болсақ, ол бізге біраз қиындықтар туғызуы бек мүмкін. Соның салдарынан әр-түрлі ауыруларға душар болып қалуымыз ғажап емес! Ал біздің асыл дініміз денсаулыққа дұрыс қарауды, оған күтім жасауды қатаң түрде ескертеді! 

Ғалымдарымыздың осы аталмыш үш айға өте керемет түрде ақыл иелеріне көркем әрі ұғынықты етіп тәмсіл етеді. Ережеп айы бұл – дән (ұрық), ал Шағбан айы бұл – сол дәнді суару баптау, ал Рамазан айы бұл – науқан яғни, еккен дәнімізді жинау! деген екен. 

Құрметті мұсылман бауырлар! Осы кіріп келген Шарапаты мол Шағбан айына бей-жай қарап, босқа өткізіп алмайық! Барынша құлшылығымызды көркемдеп, игі амалдар көптеп атқарып қалуға белсенді болайық.  

Алла Тағала айтылған насихатқа құлақ асып, оны амалға асырып, сол амалымыздың Өз алдында қабыл болуын нәсіп етсін! Әмин. 

                                    و آخر دعوانا أن الحمد الله رب العالمين و الصلاة و السلام على رسولنا محمد و على آله وصحبه أجمعين. 

 

 

 

      

                                   

 

                                                                                                  Жаңаөзен қалалық  «Шаңырақ» мешітінің  бас имамы Әлбетов Еркеғали