blog Images

БАС ИМАМНЫҢ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 

Құрметті Маңғыстаулықтар, қадірлі отандастар!

Баршаңызды мұсылман жұртшылығының ұлық мерекесі– Құрбан айттың келуімен шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға береке тілеймін. Алла Тағала бәріміздің мерейімізді үстем етсін!

Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы тереңде жатыр. Қасиетті Құранда«Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды.

Айтулы мейрамда ағайын-жұрт бір-біріне «Құрбан айт құтты болсын, айт қабыл болсын» айтып, жылы лебіздері мен ізгі тілектерін арнаған. Көрші мен туысқанға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен батасын алу – сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз.

Құрбан айтты атап өтудің негізгі мақсаты – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін берекелі сәттерде халқымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік.

Алла Тағала барша мұсылман қауымның шалған құрбандығын қабыл етіп, күнәләрін кешіргей, түрлі пәле-жаладан, ауру-сырқаттан сақтап, екі дүниенің игілігін нәсіп еткей!

 

ҚМДБ Маңғыстау облысы бойынша бас имамы

 Елжанов Әнуар Ізімбайұлы