

РАМАЗАН АЙЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
Рамазан – бұл тек ораза ұстау айы ғана емес, бұл – жан мен тәннің тазаратын, иманның күшейетін, құлшылықтың артатын берекелі кезеңі. Мұсылман қауымы бұл айды асыға күтіп, ерекше ықыласпен қарсы алады. Исі мұсылман баласы әрбір жылы бұл мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы көптен көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады. Өйткені бұл ай әрбір жанға шынайы мейірімнің бір бөлігіне бөленетін, сауабы мол ай. Алла Тағала бұл айды қасиетті етіп, ішіндегі бір түнін – мың айдан да қайырлы етіп жаратты.
Қазақ халқы Рамазан айын әрдайым ерекше құрметтеген. «Ораза – нәпсіні тәрбиелеудің ұлы мектебі» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек. Ата-бабаларымыз бұл айда мұқтаждарға көмектесіп, садақа беріп, ауызашар ұйымдастырып, жақсылыққа ұмтылған. Себебі бұл – Алланың мейірімі төгілетін, күнәлар кешірілетін, жүректер жұмсаратын ай.
Алла Тағала қасиетті қылған бұл айдың өзге айлардан артықшылығы жайында тоқталып өтсек:
1) Рамазан – қасиетті ай
Алла Тағала бұл айды өзге айлардан ерекше етіп жаратты. Өйткені бұл айда адамзатқа тура жолды көрсетуші қасиетті Құран Кәрім түсті.
«Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңнан кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін…» (Бақара сүресі, 185-аят)
Бұл аяттан түсінетініміз – Рамазан тек ораза ұстау айы ғана емес, ол рухани жаңару, Құранмен байланыс орнату, жүректі тазартып, Аллаға жақындау кезеңі.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) хадисінде былай дейді:
«Кімде-кім Рамазан айында иманмен, сауап үміт етіп ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі.» (Бұхари, 38; Муслим, 760)
Қазақ халқында Рамазан ерекше қадірлі болған. Бұрынғы кездері ауыл қариялары қасиетті айды ерекше дайындықпен қарсы алатын. Жастар жағы ораза ұстағандарға құрмет көрсетсе, ал үлкендер дастархан жайып, ауызашар ұйымдастыратын. Бұл – нағыз мұсылмандық пен имандылықтың белгісі.
2) Рамазан – сабыр мен төзім айы
Ораза тек ішіп-жеуден тыйылу емес, нәпсіні тәрбиелеу, сабырлыққа үйрену айы. Дана халқымыз «Сабыр түбі – сары алтын, сабырлының бәрі – алтын» деу арқылы сабырлықтың түбі үлкен байлыққа, жақсылыққа әкелетіндігін бізге жеткізгісі келген екен.
Алла Тағала қасиетті Құранда: «Күмән жоқ, сабырлы болғандарға сауап-сыйлары есепсіз беріледі» (Зумар сүресі, 10 аят)
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Ораза – сабырдың жартысы» (Ибн Мәжа, 1745). Күмәнсіз күні бойы ашқұрсақ жүріп, кеңпейілділік пен шыдамдылық қалпын сақтай алу нағыз батырлыққа апаратын рухани шынығу.
Бірде сахабалардан біреу Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп:
— Уа, Алланың елшісі! Маған пайдалы насихат айтыңызшы, – деп сұрайды.
Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Ашуланба!» – деп үш рет қайталайды. (Бұхари, 6116)
Бұл хадис бізге Рамазанның сабыр айы екенін көрсетеді. Адам аштық пен шөлге ғана емес, ашуға да сабыр етуі керек.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстаушыға былай өсиет айтқан: «Ораза күні сендердің ешқайсыларың жаман сөз айтып, даусын көтермесін. Ал егер біреу оны балағаттаса: «Мен оразамын, мен оразамын», – деп айтсын». Яғни, ораза тұтушы қандай жағдай болмасын оразасын былапыт сөздермен, ұрыс-керіспен ластамай, сабырлылық танытып, құлшылығын мүлтіксіз түрде орындауы керек. Сонда ғана құлшылығы толық болып, Алланың құзырында қабыл болады.
Рамазан айында бір отбасы мүшелері әдеттегіден мейірімді болуға тырысады. Бір күні Рамазан айының бір кешінде ерлі-зайыптылар арасында кикілжің бола жаздайды, сол кезде отағасы: «Мен Рамазанда ашуға берілмеуім керек» деп өз-өзін тежейді екен. Бұл – оразаның адамды қалай өзгертіп, жақсы мінезге баулитындығын көрсетеді.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат», – деп сүйіншілеген.
3) Рамазан – қайырымдылық пен бауырмалдық айы
Рамазан – тек өзіңді тәрбиелеу емес, айналаңа көмектесу, мұқтаждарға қолдау көрсету айы. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай деп баяндайды:
«(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» («Бақара» сүресі, 272-аят)
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Жақсылық атаулының ең абзалы – Рамазан айында жасалғаны.» (Тирмизи, 663)
Рамазан айы кезінде біздің ең жомарт болатын кезіміз. Сол себепті, біз Алланың бізге берген нығметтерінің бір бөлігін пақырларға, кедейлерге, жетім-жесірлерге беруіміз керек. Бұл біз үшін ең хайырлы пайда. «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың ішінде ең қайырымдысы еді, ал рамазан келгенде ерекше қайырымдылық танытатын» (Бухари)
Сонымен қатар, қайырымдылық жасаудың тағы бір түрі ол – ауыз аштырту. Өйткені, ауыз аштырған кісі ораза ұстаған кісідей сауап алады. Сахаба Зәйд ибн Халид әл-Жуһани пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқандығын жеткізеді:
«Кімде-кім ораза ұстаушының аузын аштырса, ораза ұстаған адамның сауабындай сауап алады» (Тирмизи)
Қазақ халқымыз ежелден ауызашар беріп, садақа тарату дәстүрі бар. Бір ауылда жасы келген қария жыл сайын ораза кезінде жетім-жесірлерге тамақ тарататын. Бір жылы ол қатты сырқаттанып қалады. Сонда ауыл тұрғындары жиналып, өздері садақа таратып, мұқтаждарға көмектеседі. Бұл оқиға бізге Рамазанның адамдарды мейірімділікке жетелейтінін көрсетеді.
4) Қадір түні – мың айдан қайырлы түн
Рамазан айының ішіндегі ең қасиетті түн – қадір түні. Рамазан айының соңғы он түнінде мұсылман үшін үлкен хайырлы дүниелер бар. Өйткені сол уақыттардың бірінде қадір түні болу мүмкіндігі жоғары. Осыған байланысты Айша (Алла оған разы болсын) анамыздан жеткен хадисте: «Қадір түнін Рамазан айының соңғы он түнінен іздеңдеp», – делінген (Бұхари, Сахих, 2020.) Бұл Алланың ерекше рақымы мен мейірімі жауып, дұғалар қабыл болатын түн.
“Шын мәнінде, Біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы! Ол түні әрбір іс үшін Раббыңның рұқсатымен періштелер және рух (Жәбірейіл періште) түседі. Таң атқанша тыныштық жалғасады»” (Қадір сүресі)
Міне, осы аталған сүреде келген аяттардың өзі бұл түннің қандай маңызды, әрі ардақты екендігін білдіреді.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады»
Қадір түнінде әрбіріміз Алладан кешірім сұрап, дұға етіп, Құран оқып, ғибадатымызды көбейтуіміз керек.
Айша (Алла оған разы болсын) анамыздан жеткен тағы бір хадисте: «Уа, Алланың елшісі! Егер Қадір түні екенін білсем Аллаға не айтқаным дұрыс?» – деп сұрап едім, сонда Пайғамбарымыз: «Уа, Алла! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің, мені кешір деп айт», – деді (Термизи, Сунән, 3513).
Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде тыныштық пен береке орнайды. Періштелердің осы түні түсетіндігіне және олардың санының көп болатындығына мына хадис дәлел: «Қадір түні рамазан айының жиырма жетінші немесе жиырма тоғызыншы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады»
Бұл түнде Періштелер мұсылман үмбетін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Яғни, бұл күнәлардың кешіріліп, жамандықтардың азайып, құлшылық пен жақсылықтардың көбейетін түні.
Қорытынды
Рамазан айы – рухани тазару, тақуалықты арттыру және Аллаға жақындау мүмкіндігі берілген қасиетті уақыт. Бұл айда ораза ұстап, Құран оқып, құлшылықты күшейту арқылы пенде өз жүрегін нұрландырып, иманын күшейтеді. Сонымен қатар, сабырлық пен кешірімділік танытып, садақа беріп, ізгі істер жасауға ұмтылу – Рамазанның негізгі құндылықтарының бірі.
Бұл айда жасалған әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылады, сондықтан әрбір мұсылман оны мейлінше пайдалы өткізуге тырысуы керек. Рамазан – тек денені емес, жан дүниені де тәрбиелеу айы. Оразаның мақсаты – аштықты сезіну ғана емес, жүректі тазартып, рухани кемелдікке жету.
Осылайша, Рамазан айында жинақталған тақуалық пен игі әдеттер жыл бойы жалғасса, мұсылман баласы үшін бұл нағыз жеңіс болмақ. Алланың разылығын іздеп, шынайы құлшылық еткен жан екі дүниеде де бақытқа кенеледі.
«Жақсылық ексең, береке орасың» демекші бұл айда жасаған әрбір игі ісіміз еселеніп жазылуын Алла Тағала нәсіп етсін!
Алла Тағала баршамыздың Рамазан айындағы құлшылықтарымыздың қабыл болуын нәсіп қылсын!
Ақтау қалалық «Ержан Хазірет» мешітінің наиб имамы Мизанбай Абдолсабыр