blog Images

Рамазан айында берілетін садақаның 3 түрі

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Рамазан – игі істер мен құлшылық-ғибадат жасауға арналған берекелі мезгіл. Ол қайырымдылық және жомарттық айы. Бұл айда жасалған әр жақсы іс үшін сауап мөлшері еселеніп, жаман іс үшін күнә мөлшері көбейеді.

Алла Тағалаға бізді осындай рақым уақытына жеткізгені үшін мадақ айтып, Жаратушымыздың разылығына жетуге ұмтылайық.

Алайда, Алла Тағаланың рақымына ие болуымыз үшін белгілі бір шарттар бар. Сондай шарттың бірі – мұқтаж адамдарға мейірімділік таныту.

Жомарт және мейірімді жандарға Жаратушымыздың тарапынан үлкен сыйақы уәде етілген:

«Дүние-мүлкін түн демей, күн демей жасырын һәм жария түрде игі жолда жұмсайтындардың Раббыларының дәргейінде алатын ерекше сауабы (сыйы) бар. Олар үшін (әсіресе ақыретте) ешбір қорқыныш жоқ һәм олар онда әсте мұңаймайды» («әл-Бақара» сүресі, 274 аят).

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да өзінің бір хадисінде: «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады», – деп  өсиет еткен.

Әрине, мұқтаж адамдарға көмек туралы айтқанда, біздің ойымызға ақшалай немесе басқа да материалдық қайырымдылықтар келеді. Өйткені, әлеуметтік жағдайы төмен жандарға көбінесе тамақ, киім, баспана қажет болуы мүмкін. Сол себепті мұқтаж адамдарға берілген садақа пайдасы мол игі істердің қатарына жатады.

Алла елшісі: «Садақаның абзалы — Рамазан айында берілген садақа», деп бұл мезгілде берілетін көмек түрін қайырлы санаған.

Осы тұста Рамазан айына тікелей қатысты садақаның үш түрін бөлек атап өткеніміз жөн:

1. Підия садақасы.

Туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы (язва), тыныс және жүрек демікпесі (астма) секілді сауығуына күдер үзген ауруға шалдыққан науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Оның орнына підия береді. Підия садақасы – ол орта есеппен бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы.

2. Пітір садақасы.

Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлер де жұрт қатарлы қуанып шаттанады.

Хадистердің бірінде: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақаны парыз етті. Кім оны (айт) намаздан бұрын берсе, ол зекет болып қабылданады, ал  намаздан кейін берсе, жай ғана садақа болып есептеледі» делінген» (Әбу Дәуіт, Ибн Мажә).

3. Зекет.

Зекет – Ислам дінінің негізгі бес тіректерінің бірі. Зекет тілдік тұрғыда: тазару, өсу, өну, арту және береке деген мағыналарды білдіреді. Ал шариғатымызда зекет деп – нисап көлеміне жететін дәулеті бар мұсылман кісінің Алла разылығы үшін байлығының бір бөлігін жылына бір рет Құранда көрсетілген топтағы адамдарға беруді айтады.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің» демекші, қасиетті Рамазан айында қайырлы істерді көптеп жасайық. Мұқтаждардың жоғын жоқтап, оларға сауап ниетімен жәрдем беріп, жомарттық танытайық, ағайын!

Алла Тағала айлардың сұлтанында жасаған ғибадаттарымызды, берген садақаларымызды қабыл етсін. Әмин!

Мәжит Хорезимұлы,

Теңге ауылдық «Қосай ата» мешітінің наиб имамы