blog Images

РАМАЗАН АЙЫНАН КЕЙІН ОРЫНДАЛАТЫН АМАЛДАР

Қасиетті Рамазан айы көзді ашып-жұмғанша лезде өте шықты. Кеше ғана басталған оразада барынша сауапты амалдарды орындауға тырыстық. Шын мәнінде бір айға созылатын Рамазан айын он бір айға рухани дайындық маусымы деп атауға болады. Осы ретте Рамазан айынан кейін орындалатын игі амалдар туралы айта кетуді жөн көрдік.

Үнемі нәпсімен күресу. Біз ораза ұстау арқылы ең бірінші нәпсімен дұрыс күресуді үйрендік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Дұшпандарыңмен күрескендей, нәпсілеріңмен де күресіңдер». Ислам ғұламалары нәпсімен күресу, оны тәрбиелеу және жаман қасиеттерден арылу Алланың адам баласына бұйырған әмірі екенін жеткізген.
Фузала ибн Абид (Алла оған разы болсын) жеткізген тағы бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шынайы мұжаһид дегеніміз – Алла жолында өз нәпсісімен күрескен адам». Ғұламалардың айтуынша, нәпсімен күресу –  құлшылық. Құлшылықтың бұл түрін тек білімді адам ғана орындай алады. Расында, нәпсі тәрбиеге бағынады және жақсы нәрсені қабылдай алады. Демек басқа айда да нәпсімен күресуге, оны бағындыруға болады.
Нәпсімен күресу дегеніміз – бойдағы жаман қасиеттерді бір сәтте жұлып алу емес, кезең-кезеңімен жаман қасиеттерді жақсылыққа қарай алмастыру. Мәселен, ашулану сезімі жеке бастың қамы үшін және нәпсіні қанағаттандыру үшін туындаса, ол жағымсыз қасиет болып саналады. Ал Алла Тағаланың ризалығы үшін туындаған ашу – мақтаулы сипат.
Нәпсімен күресудің оң нәтижелерін көру үшін ең алдымен адам баласы өз қалауына көңілі толу деген ұғымнан арылуы керек. Нәпсіге қатысты Алла Тағаланың аятын үнемі естен шығармау керек. Құранда: «Расында нәпсі жамандыққа бұйырушы» («Юсуф» сүресі, 53-аят) делінген. Алла Тағаламен арадағы байланысты үзетін кедергілердің бірі осы нәпсі екенін үнемі естен шығармау керек.
Үнемі дұға жасау. Рамазан айы бізді шынайы ниетпен бір Аллаға үздіксіз дұға жасауды үйретті. Алла Тағала Құранда: «Құлдарым мен жайлы сұрай қалса, қасындамын. Тілек тілеушінің дұғасына жауап беремін. Олар да менің әміріме құлдық қылсын, иман келтірсін, сонда ғана олар тура жолмен жүретін болады» («Бақара» сүресі, 186-аят) деп баяндайды. Осы аятқа қатысты тәпсірші ғалымдар мынадай пікір білдірген: «Бірде араптың бір бәдәуі Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Раббымыз жақын ба, әлде алыс па? Жақын болса, мінәжат етейік. Алыс болса, дұғамызды айқайлап айтайық» деп сұраған еді. Сол кезде осы аят түседі. «Мен жақынмын», яғни, дұға-тілектерді біліп тұратыны, оларды қабыл етуге келгенде Жаратқанның пендесіне өте жақын екені айтылады.
Алла Тағала «Егер де Маған дұға-тілек айтса, дұғасына жауап қайтарамын» деп, пенделерінің дұғасына жауап қайтаруға уәде береді, ол – ақиқат. Бірақ дұғаға жауап қайтару мен пенденің мұқтаждығын беру – екі бөлек іс. Дұғаға жауап қайтару – пенде «О, Раббым!» десе, Алла «Ләббай, пендем!» деп жауап қайтаруы арқылы болады. Бұл – әрбір мүмінге орындалатын уәделі іс. Ал пенденің сұраған мұқтаждығын беру – пенденің тілегенін сол мезетте беру яки ұзақ мерзімнен кейін немесе ақыретте беру, әлде басқасын таңдауға ерік беруі арқылы жүзеге асатын іс.
Рамазан айынан кейін де жомарттық таныту. Рамазан айы сіз бен бізге жомарт болуды үйретті. Көмек сұрап келген адамның көңілін қалдырмай, қолындағы барын беруді әдетке айналдырған ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айында тіпті жомарт болатын.
Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айында жасайтын жақсы амалдарының, оның ішінде жомарттық танытатын болмысын былай баяндайды: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар арасында ең жомарт жан болатын. Рамазан айы туып, Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) періштемен жиі жолыққанда одан өткен мәрт адам болмайтын. Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) періште Рамазан айының мүбәрак әр түнінде Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, екеуі бірге Құран оқитын. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) періштемен жолыққан кездерінде жер бетіне береке әкелетін желден де жомарт болып кететін еді».
Жомарттық – жақсылыққа ұмтылған, Алла Тағаланың разылығын көздеген әрбір мұсылманның бойынан табылуы тиіс жақсы қасиеттердің бірі. Өйткені мұсылман өзіне беріліп жатқан ризық-несібенің бір бөлігінде көмекке мұқтаж жандардың ақысы бар екенін жақсы біледі. Алла Тағала өз құлдарын бірнеше аяттарда сараңдық жасамай, керісінше жомарттық жасауды бұйырған.
Сондай мағынадағы аяттардың бірінде былай делінген: «(Уа, мүміндер!) Қазір сендер мал-дүниелеріңнің бір бөлігін Алла жолында жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда араларыңда сараңдар бар. Кімде-кім сараңдық жасаса, өзіне сараңдық жасағаны. Өйткені Алла – Ғани (ешкімге һәм ешнәрсеге мұқтаж емес шексіз, түгесілмес байлық иесі), ал сендер – пақырсыңдар (һәм Аллаға әркез мұқтажсыңдар). Егер Алладан теріс айналсаңдар, сендердің орындарыңа басқа қауым әкеледі. Олар сендер секілді болмайды» («Мұхаммед» сүресі, 38-аят).
Құран оқуға дағдылану. Рамазан айында мүмкіндігінше Құранды толық оқуға тырыстық. Демек егер біз ден қойсақ басқа да айларда Құранды толық оқуға уақыт табамыз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран оқылған үй көктегі жаратылыстарға жарық шашып тұратынын айтқан. Осыған қатысты мынадай хадистер бар: «Жер бетіндегілерге жұлдыздар қалай көрінсе, Құран оқылған үй де көктегілерге дәл солай көрінеді»; «Құранның әрбір (жатталған) аяты (жаттаған кісінің) жәннаттағы дәрежесін көтереді және үйлерінде (оқылған Құран) шамдар секілді (көктегілерге жарық шашады)»; «Кімде-кім Құран оқып, соған сай іс-әрекет етсе, Қиямет күні Алла Тағала оның ата-анасына тәж кигізеді».
Құран оқудың артықшылығы өте көп. Құран оқыған адамның жүрегін тот баспайды. Су тиген темір тоттанатыны секілді жүректі де тот басады. Ал оны тазартатын ем – Құран оқу. Құран оқудың, оны жаттаудың, оған амал етудің сауабы көп. Оны тыңдаудың да пайдасы мол. Алланың сөзін естіген адам жұпар иіске бөленгендей күй кешеді. Бұған қатысты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Құранның мысалы аузы жабылған хош иіссудың құтысы секілді. Егер оны ашсаң, жұпар иісі аңқиды. Егер оны ашпасаң, жұпар иісі пайдаланылмай тұрады. (Міне, бұл өзің оқыған) Құранның және (оқылмай) көкірегіңде қалған Құранның мысалы». Міне, осындай аят-хадистер біздің Құранға деген махаббатымызды, Құдайдың сөзіне деген құштарлығымызды оятады.
Алла Тағала баршамызға қасиетті Рамазан айында атқарған ізгі амалдарымызды басқа да айларда өз дәрежесінде орындауға күш-қуат, мықты жігер мен ықылас нәсіп еткей.
Айдос МУТАЛИЕВ,
Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің наиб имамы
Ақтау қаласы