blog Images

ОТАННЫҢ ҚАДІРІН БІЛМЕГЕН, ӨЗ ҚАДІРІНЕ ЖЕТПЕЙДІ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз.

 

Адам баласы жаратылысынан мекенге тәуелді. Оның болмысы кеңістікпен тығыз байланысты: туған жер, өскен орта, ана тілі, алғашқы естіген азаны – мұның бәрі адам жанындағы Отан ұғымының іргетасы.

Отан – бұл тек аймақ емес, ол – тарихи жадтың, мәдени сана мен рухани тамырдың тоғысқан тұғыры. Отан – ұлттық бірегейліктің тірегі, тыныштық тұрағы, адамның ішкі әлемінің айнасы. Онда тек тән өсіп-жетілмейді, ойдың өрісі, ұяттың өлшемі, ұмтылыстың бағыты қалыптасады.

Қазақ халқы үшін Отан ұғымы – тек әлеуметтік құрылым емес, бәлкім ұлт болмысының тереңге байланған өзегі. Ол – кешегінің киелі аманаты мен бүгінгінің биік парызын қатар арқалаған ұлы міндет. Отаннан айырылу – тек босқын атану емес, болмыстық күйреу. Ал Отанның қадіріне жету – шүкірлік пен жауапкершіліктің шыңы. Себебі бұл – тек өткенді еске алу емес, бүгінгі міндетті тану. Бұл тарихпен мақтану емес, рухпен бекемдену. Себебі Отанның қадірін білмеген, өз қадіріне жетпейді.

Бірінші: Отан – Алланың берген мекені

Адам баласы бұл дүниеге кездейсоқ келмейді. Алла Тағала әр пендеге өмір сүру үшін белгілі бір жерді, елді, халықты нәсіп етеді. Сол мекен – оның аманаты. Құранда Алла Тағала:

هُوَ أَنشَأَكُم مِّنَ الْأَرْضِ وَاسْتَعْمَرَكُمْ فِيهَا...

«Ол (Алла) сендерді жерден жаратты әрі сол жер бетінде өмір сүріп, оны көркейтулеріңді қалады …», – деген («Худ» сүресі, 61-аят).

Атақты тәпсірші имам әл-Қуртуби өзінің тәпсірінде осы аятқа қатысты келесі мәліметтерді келтірген: «Ол сендерді жерден жаратты…», яғни Алла Тағала сендерді жерден бастап жаратты. Мұндағы мағына: жаратылыстарыңның бастауы жерден, өйткені Адам (оған Алланың сәлемі болсын) топырақтан жаратылған. Бұл «Бақара» және «Әнғам» сүрелерінде келген. Ал қалған адамзат – Адам (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардан таралған.

«…және сендерді онда тұрғызды (اِسْتَعْمَرَكُمْ فيِها, яғни, сендерді сол жерді мекендеп, көркейтіп, өмір сүретін тіршілік иелері етті.

Имам әл-Мужаһид (Алла оны рақымына алсын) былай түсіндіреді: «اِسْتَعْمَرَكُمْ» – «أعْمَرَکُم» яғни, сендерге белгілі бір мерзімде онда өмір сүруге мүмкіндік берді.

Екінші: Отанды сүю – әрбір адам баласының борышы

Туған елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік − әрбір жан үшін аса киелі ұғым, ыстық сезім. Отан дегеніміз туып-өскен отбасымыз, ата-анамыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, кең-байтақ атамекеніміз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, оның амандығын тілеу – әрбір мұсылманның діни әрі азаматтық  борышы.

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهُ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ لِمَكَّةَ: «مَا أَطْيَبَكَ وَأَحَبَّكَ إِلَيَّ وَلَوْلاَ أَنَّ قَوْمَكَ أَخْرَجُونِي مِنْكَ مَا سَكَنْتُ غَيْرَكَ». رَوَاهُ الْحَاكِمُ وَالطَّبَرَانِيُّ وَالْبَيْهَقِيُّ

Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеге қарап тұрып: «Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де мүшріктер қуып шығармағанда сенен басқа жерде тұрақтамас едім», – деген (Хаким, Табарани, Бәйһақи риуаят еткен).

Демек, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің туған шаһары Мекке қаласына айрықша ықыласпен қараған. Мәдинаға қоныс аударып, сонда орнықса да алғашқы туған жерін әсте ұмытпаған. Сахабаларымен бірге Меккені сағынышпен еске алып отырған.

Бір деректе Алла Елшісі (оған Алланың салауаты сәлемі болсын) мүшріктердің қысымынан соң Жаратқанның пәрменімен Мәдинаға қоныс аударып бара жатқанда сахабасы Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) екеуі алдымен үңгірге жасырынады. Сосын үңгірден түнде жолсыз даламен Мәдинаға бағыт алады. Кейін керуен жолына түсіп, Меккеге апаратын жолды көреді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол жолға қарап, Меккемен қимай қоштасады. Сол кезде Жебірейіл періште көңілі жабырқау Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қуантатын Жаратқан Иенің мына сүйінші аяттарын түсіреді:

إِنَّ الَّذِي فَرَضَ عَلَيْكَ الْقُرْآنَ لَرَادُّكَ إِلَى مَعَادٍ

«Ақиқатында, саған Құранды түсірген (Алла) түбінде сені (Меккеге) қайтарады …» («Қасас» сүресі, 85-аят).

Арада біраз уақыт өткенде Алланың уағдасы орындалып, Ислам діні жеңіске жетіп, Мекке ашылғанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған қаласына келеді.

 

Қисса

Хадиша анамыз (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып, Меккенің ішіндегі бір үйге қарай беттеді. Бұл – оның туысы Уарақа ибн Науфалдың үйі еді. Уарақа қартайған, көзі көрмей қалған, бірақ Таурат пен Інжілді жақсы білетін, бұрынғы пайғамбарлық дәстүрлерден хабары бар кісі болатын.

Хадиша анамыз оған Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хира үңгірінде көргенін айтып беруін өтінеді. Пайғамбарымыз болған оқиғаны анық баяндайды: Жәбірейіл періштенің келуі, алғашқы уахи аяттарының түсуі – бәрі де жаңалық, әрі бұрын-соңды болмаған ерекше сәт еді.

Уарақа үндемей тыңдайды. Жүзінен тебіреніс байқалып отырады. Сосын терең тыныс алып:

– Бұл саған келген – Намус (Жәбірейіл). Бұл – Мұса пайғамбарға келген періште ғой! Сенің пайғамбарлығың ашық жария етілетін күнді көріп, саған қолдау көрсеткім келеді, – дейді.

Сосын өкініш пен алаңдаушылық аралас үнмен:

– Шіркін, елің сені қуған кезде тірі болсам ғой! – дейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөзге таңданып:

– Олар мені қуып жібере ме?! – деп сұрайды.

Уарақа:

– Иә. Сен алып келген нәрсеге ұқсас жолмен келген ешбір адам болмаған. Міндетті түрде жолыңа қарсы шығатындар, қастандық жасаушылар табылады. Егер сенің сол күніңе жететін болсам, саған шын ықыласпен жәрдем берер едім, – дейді.

Ғалымдар бұл оқиғадағы «Олар мені қуып жібере ме?!» деген сөзін былай түсіндіреді:

«Бұл – Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрегіндегі қасірет пен күйзелісі еді. Себебі ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың қасиетті мекені мен Оның үйінің маңынан, Исмаил пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) отанынан ешбір себепсіз қуылып шығатынын ақылға сыйғыза алмады. Өйткені оның бұрынғы өмірі де, болашақтағы істері де мұндай қуғынға себеп боларлықтай емес еді. Қайта керісінше, оның бойында көрініп тұрған көркем мінез бен ерекше қасиеттері оны қадірлеуге, ең жоғары мәртебелерге көтеруге лайық ететін».

Міне, адамзаттың асылы Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) де туған жерін, Отанын қатты жақсы көрген. Елін, жерін жамандыққа қимаған. Туған-туысы, жұрты тура жолда болса екен деп тілеген.

Мәдинаға  көшіп келген соң қасындағы қоныс аударушы сахабаларымен бірге Меккені аңсап, сағынышын білдірген. Сосын Хақ Тағаладан Мәдинаны Меккедей сүйкімді, ыстық Отанға айналдыруын тілеп дұға жасаған.

Қазақ халқы да ежелден туған жерді қасиетті санаған. Халқымыз «Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық» деп бекер айтпаған. Бабаларымыз ел үшін жанын берген, топырағын жатқа таптатпаған. Келешек үшін дұға жасап, зор үмітпен қараған.

Отанды сүю – құр сөз емес, ол – іс. Елдің тыныштығына үлес қосу, әділдікке жақ болу, шыншыл болу, аянбай еңбек ету – осының бәрі туған елге деген махаббаттың көрінісі

Үшінші: Отан ол – аманат

Жалпы, отандасып, тірішілік ету сонау алғаш Адам ата кезеңінен басталды деп айтуға болады. Жаратушы Алла Адам ата мен Хауа ананы жаратып, сый ретінде жәннаттың төріне оздырған кезде, оларға:

وَقُلْنَا يَا آدَمُ اسْكُنْ أَنتَ وَزَوْجُكَ الْجَنَّةَ وَكُلَا مِنْهَا رَغَدًا حَيْثُ شِئْتُمَا

«Ей, Адам! Жұбайыңмен жәннатқа жайғасып, қалағандарыңша жеңдер», – деді («Бақара» сүресі, 35-аят).

Алла ол екеуіне сол жерде ешқандай аштық пен шөл қасіретін тартпай, ешбір қиыншылық көрмейтіндіктерін білдіріп:

فَقُلْنَا يَا آدَمُ إِنَّ هَذَا عَدُوٌّ لَّكَ وَلِزَوْجِكَ فَلَا يُخْرِجَنَّكُمَا مِنَ الْجَنَّةِ فَتَشْقَى

«Біз Адамға: «Күдіксіз осы (ібіліс) саған да, жұбайыңа да дұшпан. Екеуіңді жәннаттан шығарып жібермесін. Сонда машақат тартасыңдар дедік».

وَأَنَّكَ لَا تَظْمَأُ فِيهَا وَلَا تَضْحَى…

«Күдіксіз сен жәннатта, аш-жалаңаш қалмайсың. Сондай-ақ онда шөлдемейсің де күннің ыстығы өтпейді», – деген еді («Таһа» сүресі, 117-119 аяттар).

Жәннатта емін-еркін жүрген Адам ата мен Хауа ана әртүрлі нығметтің дәмін татып, тамашалайды. Алайда Хақ Тағала бұларға жәннаттың барлық жемістерін жеуге рұқсат бергенімен:

لَا تَقْرَبَا هَذِهِ الشَّجَرَةَ فَتَكُونَا مِنَ الظَّالِمِينَ

«Мына ағашқа жоламаңдар. Онда жазықтылардан боласыңдар», – деп («Бақара» сүресі, 35-аят) бір ағаштың жемісін жеуге тыйым салды.

Дегенмен Адам ата мен Хауа ана ә дегеннен Ібілістің азғырғанына алданып, тыйым салынған ағаш жемісін ауызға салды. Өздерінің үлкен қате жасағандарын аңғарып:

قَالَا رَبَّنَا ظَلَمْنَا أَنفُسَنَا وَإِن لَّمْ تَغْفِرْ لَنَا وَتَرْحَمْنَا لَنَكُونَنَّ مِنَ الْخَاسِرِينَ

«Уа, Раббымыз! Екеуміз де нәпсімізге зұлымдық жасадық. Егер Сен бізге кешірім беріп, рақым етпесең, біз қасіретке ұшырағандардан боламыз – деп тәубесіне келді» («Ағраф» сүресі, 23-аят).

Бүкіл пайғамбарлар да ел ішінен шығып, өздері мекен еткен қауымға дін насихаттап, Хақ Алланы танытқан. Адам ата мен Хауа анадан тараған ұрпақ халық болып, ұлт пен ұлысқа жалғасып, жер шарында тіршілік етіп келеді. Қарап отырсақ, әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшелігі, тілі, діни нанымдары мен дәстүрі қалыптасқан. Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُم مِّن ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Уа, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттарға және руларға бөлдік. Шынында, Алланың құзырында құрметтілерің тақуа болғандарың. Алла шексіз білуші, бәрінен толық хабардар» («Хұжұрат» сүресі, 13-аят).

Аятқа зер салсақ, Алла Тағала адамзатты бір-біріне танытып, өзара қоғам, Отан құрумен тіршілік ететінін меңзеді. Бір атадан тараған жер бетіндегі әрбір ұлт-ұлыстың туып өскен жерін «Отаным» деп марқайып, «елім» деп езіле түсуі бекер емес.

Төртінші: Отанды қорғау – сауапты һәм жауапты іс

Біздің бабаларымыз отанның қадірін жете түсініп, «Елім-ай» деп жырлады. Тіпті, «Отан – оттан да ыстық» немесе «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп елін, жерін сүюге үндеді. Өйткені Отаны бардың құрар отауы бар екенін білген бабаларымыз ұлтарақтай жері болса, бағым сол деп біліп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұрпағы үшін осынша байтақ даламызды қорғай білді.  Міне, біз мекен еткен елдің ұланғайыр даласында ғасырлар бойы салт-дәстүріміз қалыптасып, рухани бай мұрамыз сақталып, ұлттық құндылығымыз бен терең тарихымыз күні бүгінге жетті. Сол үшін ислам діні әрбір иманды жанға өзі туып өскен Отанын сүюге, оны қорғауға үндеп, адал қызмет етуге шақырып келеді.

Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Отан қорғаудың қандай сауапты іс екендігін тағы бір хадисінде былай жеткізеді:

رِبَاطُ يَوْمٍ وَلَيْلَةٍ خَيرٌ مِنْ صِيامِ شَهْرٍ وقِيامِهِ

«Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру – бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы» (имам Мүслим).

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

عَيْنَانِ لَا تَمَسُّهُمَا النَّارُ: عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشْيَةِ الله، وَعَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فِي سَبِيلِ الله

«Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз», – деген (имам Термизи).

 

Құрметті жамағат!

Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген нақыл сөз бар. Демек, отанды сүю, елге деген сезім, әуелі отбасынан басталады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлығың жауаптысыңдар. Басшы – еліне, отағасы – отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағыларға жауапты», – деген.

«Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың»; «Ел қадірін көрген біледі, жер қадірін жүрген біледі; «Адам елінде көгерер, қоға көлінде көгерер»; «Елінен безген ер болмас, көлінен безген қаз болмас» деп бабаларымыз отаннан асқан ыстық жер жоқ екенін топшылап кеткен.

Осы айтылғандардың бәрінен түйетініміз – Отан ұғымы жай ғана жер, мекен емес, ол – аманат. Адам атадан бастап пайғамбарлар, сахабалар, даналар мен бабалар – бәрі де өз Отаны үшін дұға жасап, жанын қиған. Отан – Алланың әрбір пендесіне берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Сол нығметтің қадіріне жетіп, оны қорғау, көркейту – біздің міндетіміз. Отанға сүйіспеншілік жүректегі иманнан туындайды. Өйткені Отанды сүю – Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалған дәстүр, бабалардан жеткен аманат.

Бүгінде кең байтақ жеріміз бен тәуелсіз мемлекетімізді сақтау – бабалар алдындағы, ұрпақ алдындағы және Алла алдындағы жауапкершілік. Кезінде Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар әр дұғасында «Уа, Раббым! Еліме бейбітшілік пен береке бер», – деп дұға жасайды екен.

Олай болса, елімізді сүйейік, жерімізді қадірлейік, тыныштығымызды бағалайық. Себебі Отан – біздің өткеніміздің куәсі, бүгініміздің тірегі, ертеңіміздің үміті.