Ислам дініндегі Ниет
Қандай да бір істің орындалуында ниеттің орны ерекше. Адамның өз қалауымен жасаған жақсы-жаман әрбір ісі түпкі ниетіне байланысты. Ал, ниеттің орныққан ол жері жүрек. Сахаба Әбу Хурайрадан: «Жүрек — патша. Ағзалар оның әскері. Егер патша жақсы болса, әскері де жақсы болады. Ал егер патша нашар болса, әскері де нашар болады» деген сөз қалған. Дана халқымыз да: «Жақсы ниет — жарым ырыс» деп, ниеттің дұрыс болуына о бастан мән берген.
Ниет ғибадаттарда шарт пен парыз ретінде маңызды. Кейбір жерлерде сүннет ретінде жүреді. Яғни бұдан шығатын қорытынды-ниетсіз ешбір іс болмайды. Ниет етпей ұстаған ораза арнайы мақсат етіліп ұсталған ораза ғибадатына жатпайды. Жай бір әдетке айналған амал болып қалады. Алайда, Алла разылығы үшін ниет етілген әдеттер ғибадатқа айналатынын білген жөн.
Сергу ниетімен дәрет алып құлшылық жасаса, ниеті қабыл болып саналмайды. Сол секілді екі кісінің бірі ыстықтан сақтанып, салқындап алу үшін мешітке кірсе, енді бірі бірінші барып азан тыңдап, сауап алуға келсе, екеуі де ниетіне қарай қарымтасын алады. Бірі ниетіне қарай сергісе, екіншісі азан тыңдау үшін бірінші барғандықтан басқа бір хадисте баяндалғандай түйе бергендей сауап алып қайтады.
Құранда ниеттер тек Алланың разылығы үшін болуы қажет делінген.
Сондықтан, мұсылман адамның шынайы ниетпен жасаған әрбір жақсы амалы сауапқа кенеледі және қайтарымы Алладан болады. Яғни бұл амал Құран Кәрімде ниет — адам әрекетінің нақтылы мақсатын білдіреді. Ниетсіз, себепсіз алға мақсат қойылмайды деп көрсетіледі.
Ислам ғұламаларының айтуынша, амалдан бұрын ниет етуді үйрену қажет. Ниетке қарай кішкентай амал үлкен амалға айналады, үлкен амал кішкентай амалға айналады. Адамға өмірінде бір рет қажылыққа бару-парыз. Алайда, ол басқалар қажы деп айтсын деген ниетпен барса, қажылық парызы мойнынан түсуі мүмкін. Бірақ, сауабынан қағылады. Егер қажылық барысында сауда жасай келейін деген ниетпен шықса, қажылық жасау ниеті басым болған жағдайда, қажылық сауабын алады. Егер, керісінше, сауда жасап қайту ниеті басым болса, қажылық сауабын ала алмайды. Тек парызды орындаған болып есептеледі.
Исламдағы әмір етілген міндеттерді дүние үшін істесе дұрыс әрі қабыл болмайды. Ол дүние үшін жасалған болып саналады. Керісінше, дүние ісі ақыреті үшін жасалса ғибадат болып есептеледі.
Кейбір ғұламалар: «Бір мұсылманның иман мен салих амалдарының тұрақты ниетте болуы, ол үшін өмірінде жасаған амалдардан да жақсы» дейді.
Нұржігіт Абиев,
Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің наиб имамы