ДҰРЫС ДІНИ БАҒЫТ-АДАСПАУДЫҢ КЕПІЛІ
Бүгінгі таңда дін мәселесі – қоғамдағы ең өзекті тақырыптардың бірі. Дін – адам баласын тәртіпке, мейірім мен ізгілікке тәрбиелейтін ұлы құндылық. Алайда соңғы жылдары дінді бұрмалап түсіндіріп, өз мүддесіне пайдаланатын түрлі жат ағымдар көбейіп кетті. Олар әсіресе жастардың санасын улап, қоғам бірлігіне сызат түсіруде. Бұл мақалада жат ағымның белгілері, оның зияны және одан сақтанудың жолдарын қарастырамыз.
Ислам діні адамзат баласын ізгілікке, сабыр мен татулыққа тәрбиелейді. Алайда соңғы уақытта діннің атын жамылып, өз мақсаттарына пайдаланатын түрлі ағымдар пайда болды.Мұндай топтар қоғамға іріткі салып, ел ішінде күмән мен түсініспеушілік туғызуда.Ал шынайы Ислам – бейбітшілік пен рақым діні.
Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Біз сені (Мұхаммед) бүкіл әлемге рақым етіп жібердік» (Әнбия сүресі, 107-аят), – дейді.
Демек, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әкелген діннің негізі – мейірім мен адамгершілік. Сондықтан өзге мұсылмандарды айыптап, қоғамнан бөліп тастау немесе дін атын желеу етіп бүлік шығару – Исламның рухына қайшы іс.
Жат ағым дегеніміз не?
Жат ағым – Исламның сыртқы бейнесін сақтағанымен, мазмұны мен ұстанымы тұрғысынан дәстүрлі діни түсінікке, Құран мен сүннетке сай келмейтін бағыт.
Ондай топтар көбіне халықтың сенімін пайдаланып, өз пікірін ақиқат деп көрсетеді. Нәтижесінде адамдар арасында жік туып, туыс пен ағайын, дос пен жамағат арасындағы сыйластық бұзылады.
Жат ағымның таралу тәсілдері
Жат ағым өкілдері адамдардың діни сауатының төмендігін пайдаланады. Олар көбінесе:
• әлеуметтік желілерде бейне мен жазба арқылы үгіт-насихат жүргізеді;
• мешітке жаңа келген жастарды көздеп, өз ортасына тартуға тырысады;
• өз ойларын Құран мен хадиске сүйенгендей етіп бұрмалап түсіндіреді;
• адамдарды қоғамнан, отбасынан және дәстүрлі дін өкілдерінен алыстатады.
Бұндай тәсілдердің түпкі мақсаты – ел бірлігін бұзып, халықтың санасын бөлшектеу.
Жат ағымның белгілерін қалай тануға болады?
1. Өздерін ғана дұрыс, өзгелерді «адасқан» деп есептейді.
2. ҚМДБ мен мешіт имамдарды мойындамайды.
3. Ел заңына қарсы шығуға шақырады.
4. Ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетке теріс қарайды.
5. Адамдарға қорқыныш, күмән және сенімсіздік ұялатады.
Осындай сипаттарды байқасаңыз, бұл адамның дәстүрлі діни ұстанымнан алыстап кеткенін білдіреді.
Жастарға айтылар кеңес
Құрметті жастар!
Дінге бет бұру – ізгі ниет. Бірақ дінді дұрыс үйренудің жалғыз жолы – сенімді, білімді ұстаздардан үйрену.
Сондықтан діни сауатты ҚМДБ бекіткен ресми мешіт имамдарынан, медресе ұстаздарынан алу керек.Интернеттегі бейнежазбалар мен бейтаныс «уағызшылардың» сөзіне сене бермеңіздер.Нағыз дін – адамды ізгілікке, ата-ананы құрметтеуге, елге адал қызмет етуге үндейді.
Сондықтан имамдар мен мешіт жамағаты халық арасында түсіндіру жұмыстарын жиі өткізіп, әсіресе жас буынмен ашық сұхбат жүргізіп отыруы қажет.Ал ата-аналар өз балаларының кіммен араласатынына, қандай діни мазмұндағы парақшаларды қарайтынына мән бергені жөн.
Жат ағым – рухани қауіп. Одан қорғанудың ең тиімді жолы – дұрыс діни білім, бірлік және сабыр.Бірлігіміз бекем, сеніміміз берік болса, ешқандай адасқан ағым халқымызға зиян тигізе алмайды.Абай атамыз айтқандай:
«Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос».
Сондықтан ел мен дін тұтастығын сақтап, Исламның шынайы келбетін – мейірім мен бейбітшілікті бірге насихаттайық.
Жаңаөзен қаласы Рахат ауылдық Оразмағанбет ахун мешітінің
бас имамы Адаев Оразбай Түркменбайұлы