blog Images

ДӘСТҮРДІҢ ОЗЫҒЫ МЕН ТОЗЫҒЫ БАР

Қазақтың салт-дәстүрі – сары майдай сақтаған құндылығы. Осы тұрғыдан келгенде, текті ұлт екеніміз даусыз. Ата-бабадан қалған бұндай құнды мұраларды қастерлеп, кейінгі ұрпаққа жалғастыру жолында тер төгуіміз содан. 

Халқымыз дәстүрлі Ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен наным-сенімдеріміздің негізіне айнала бастады. Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі – Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі Исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден тұрады. Біздің де қазіргі  таңға дейін ұстанып келген  салт-дәстүріміз,  Ислам дінімен ұштасып келетіні анық.  Бұған дәлел – көптеген әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдеріміздің хадис және сүннеттерімен ұштасып жатқаны анық.

Салт-дәстүрлердің адамзатқа берер пайдасы мол. Айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай ғибрат маңыздылығы туралы құнды ой сыйлаған: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды». Сондықтан бабаларымыз бағы басым, ғибраты асыл дәстүр-салтымыз  бен тәрбиені ұштастырды. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей кейінгі буынға адастырмас тура жолмен жүру, жөн-жосықты білу, ел қамын ойлау, мәрттік, ерлік, қамқоршылық, адалдық, жомарттық, адамгершілік, имандылық, әділдік сынды қасиеттерді дарытып, ұлағатты ұл мен инабатты қызды көкірегіндегі көзін ашып, теріс бағытқа түсірмеген. Мысалы, бір бақытсыздыққа ұшырап, үй-жайын, мал-мүлкінен айырылғанға көрші-қолаң, туған-туысқанның көмек беруін дәріптейтін, көпшілік біле бермейтін «жылу жинау» салт-дәстүрі бұқара халықтың ауыр жағдайдан тез шығуына орасан зор көмек көрсетеді, бірлікке шақырады, ел болып тізе қосуды пайымдайды. Ауылға алыстан біреу көшіп келсе, жергілікті тұрғындар жаңа үйге табақ тартып, қонақасы бергізетін «ерулік беру» дәстүрі  басқа жерден келген кісіні бөтенсімей, жаңа ортаға тез сіңісуін қадағалап, бауырмал, көпшіл болуға үйретенің аңғаруға болады.

Дініміз бен салтымызға берік болу да ұлттық міндеттеріміздің бірі болып саналады. Жоғалған дәстүрімізді қайта қалыптастыру жолында кейде сол ұмыт болған дәстүрлерімізді қайта жандандырамыз деп, кейде дінімізге қайшы болатын кейбір дұрыс емес ғұрыптар мен түрлі ырым-сырымдардың да ел арасында орын алып жататындығын байқап қаламыз. Солардың ішінде мысалы, дәстүрімізде болған деп «сәуегейшілдік», «бал ашу», отқа май тамызу»,»сейсенбі күнгі жаназа намазын түстен кейін шығару», тіпті дәстүр деп санамасақ та «мысықтың алдымыздан кесіп өтуін тағдырға санау», «бір затқа қызыл шүберек байлап қою», «зират басына ақ мата байлап қою» деген сияқты наным-сенімге қатысы жоқ амалдарды айтуға болады. Біздер мұны білуіміз керек, мысалы, отқа тамызу — мәжусилерден (отқа табынушылар), ырым-сырымдар — мүшріктер (көпқұдайшылдар) дәуірлерінен қалып кеткен жаңсақ пікірлер болып саналады. Пенде әрбір орындалып жатқан амалдың нені үгіттеп, нендей бағыттарға үндеп жатқанын зерделеп, оның мағынасы мен астарлы мәніне терең үңілуі керек. Алысқа бармай ақ, дін қызметкері болғандықтан, ел ішінде күнделікті өзіміздің куә болып, көріп жүрген кейбір амалдарды айта кетуімізге болады. Мысалы, Құран оқылып жатқан кезде дастархан үстінде пышақ болмау керек, Мәйіттің басынан нан айналдырып алып қалу, тиын шашу, жаназада мәйіттің иесі қарызын өз мойнына алған соң ол кісінің жалғыз өзін саптың ең соңына жамағаттан бөлек тұрғызып қою, сондай-ақ қабірде мәйіт жерлеп жатқан кезде күректі қолдан-қолға бермеу сияқты амалдарды кейбір адамдар дұрыс ғұрыптар санатына қосып жүргендерін байқауымызға болады. Діни тұрғыдан барынша түсіндіруге қанша тырыссақ та кейбірі түсініп, кейбірі дәстүрімізге жаба салады.

Салт пен ырым екеуі екі ұғым. Екеуінің арасында аспан мен жердей айырмашылық бар. Көрімдік беру, сүйінші сұрау ,күйеуге төс табақ тарту, сәлем салу сынды терең мағыналы дәстүрлеріміздің қашанда мағыналары керемет. Дәстүріміздің тағы бір пайдалы да әсерлі жерлері сүннет пен мұстахаб амалдарымызды одан да нығайтып, қуаттап шегелей түсетіндігінде екен. Мысалы, келіннің ата-енеге сәлем салуы сый-құрметтің діни тұрғыдан да үлкен қошемет болып жатқандығын меңзейді. Демек, алдыңғы буын бабаларымыз өз дәстүр мен ғұрыптарын дінмен сабақтастырып отырғандығын аңғаруымызға болады. Дәстүрді теріске шығару — адасушылықтың белгісі болып табылады.