blog Images

Бас имамның Республика күнімен құттықтауы

Ассалаумағалайкум уа рахматулла. Құрметті бауырлар, достар бүгінгі қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келген Республика күні баршаңызға құтты болсын!
Халық нақылында: «Ұлтарақтай болса да, ата қонысы жер қымбат. Ат төбеліндей болса да, туып өскен ел қымбат», – деген.
Отанның қадіріне жету, оны бағалау, пайда тигізу, қорғау, ол жерде мекен ететін халыққа құрмет көрсету, жақсы көру – дінімізде де сауапты, ізгі іс. Алла Тағала пендесінің бойына Отанға деген сүйіспеншілікті табиғатынан беріп қойған.
Қадір Мырза Әлі «Отаныңнан қанша шақырым ұзақтасаң, сонша шақырым рухани жақындай түсесің», – деп айтқанындай әрбір жан өзінің туған жерін жақсы көреді, алыс жаққа сапарлап шыға қалса, сағынады.
Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің туған жері Мекке қаласын жақсы көрген. Меккеден Мәдинаға қоныс аударып бара жатып:
مَا أَطْيَبَكَ وَأَحَبَّكَ إِلَيَّ وَلَوْلاَ أَنَّ قَوْمَكَ أَخْرَجُونِي مِنْكَ مَا سَكَنْتُ غَيْرَكَ
«Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де сенің тұрғындарың мені қуып шығармағанда, сенен басқа жерде әсте тұрақтамас едім», – деген.
Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды және дүниеңді.
Сүйікті Отанымыз – Қазақстанға Алла Тағаладан өркендеу мен амандық тілейміз.
Ел бірлігі мен татулығы біздің мемлекеттілігіміздің мәңгілік берік тірегі болғай!
Бүгінгі қасиетті жұма күнгі дұға-тілектеріміз қабыл, Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

ҚМДБ Маңғыстау облысы бойынша бас имамы

 Елжанов Әнуар Ізімбайұлы