blog Images

Ажырасу-ең сүйкімсіз іс

Әлем  бойынша  отбасы – қоғамның ажырамас бөлігі, шағын мемлекет саналады. Ал, ислам дінінде де отбасының орны бөлек. Асыл дініміз отбасын құрайтын әйел мен еркектің бірге өмір сүруінің шеңберін о бастан-ақ, белгілеген. Ислам бойынша неке қасиетті болып есептеледі. Пайғамбарымыздың  (с.ғ.с) хадисінде:  «Неке – менің сүннетім! Кім менің сүннетімнен бет бұрса, менен бет бұрған болады» және «Үйленіңдер, көбейіңдер! Қияметте мен сендердің көптігіңізбен мақтанамын»,- делінген.
Ислам шариғатына сәйкес, ерлі-зайыптылар бірін-бірі қабылдап, бірге өмір сүруге ортақ шешімге келген соң, отбасы құрылады. Көптеген хадистерге сүйенсек, әуел бастан-ақ, әйелдің орнын айқындап, жанұяның қорғаны мен тірегі-ері болса,  берекесі мен бірлігі-әйелде екенін айтқан.
Пайғамбарымыз с.ғ.с: «Алла Тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы-ажырасу» деп, отбасы шаңырағының шайқалуын құптамаған. Өкінішке орай,  қазіргі кезде неке құрып жатқандар қаншалықты көп болса, ажырасу да соншалықты болып отыр. Бүгінгі қоғам өкілдері үшін де ажырасудың көбейіп кеткендігі-өзекті мәселеге айналып, көпшіліктің көңілін күпті етуде.
Жас шаңырақтың көтерілуі, некенің баянды болуы тұнып тұрған сенім.  Үйлену, ажырасу әркімнің жеке ісі, кісілік құқығы саналғанымен, әр отбасының артында тұтас ұлттың және мемлекеттің болашағының жатқанын ескеру қажет. «Отан-отбасынан басталады» деп даналарымыз босқа айтпаған. Сондықтан, отбасы шаңырағының ортаға түсуі мәселесінің көбейіп кету себебімен қоғам, үкімет, діни орталықтар мен ғалымдар ортақ айналысуы тиіс.
Көп жағдайда ерлі-зайыптылар өздерінің міндеттерін толық орындамайды, некенің ақ жолымен жүрмейді. Әйел мен ердің арасындағы түсінбестік, көзқарастардың түрлілігі, келіннің ата-енесімен сыйыспауы, әлеуметтік жетіспеушілік, отбасы мүшелерінің жаман әдеттерге үйір болуы  секілді жат қылықтардың салдарынан шаңырақ шайқалып, жұбайлар ажырасады. Нәтижесінде, ата-ананың сенімі ақталмай, балалар тірі жетімге айналады. 
       Қазіргі кездегі ерлі-зайыптылардың ажырасу себептеріне жастардың неке құруға асықпауы,  мезгілінде отбасын құрмауы,  перзентті болмауы, ұл-қызды жастайынан отбасылық өмірге бейімдемеу, отбасы құндылығын түсіндірмеу жатады.
Асыл дінімізде отбасының ажырасуы ең сүйкімсіз әрекет саналған. Ислам діні адамзатты ауызбіршілік пен мейірімділікке шақырады.
Құранда Алла тағала мейлінше ерді әйелімен тату болуға үндеп: «Уа, иман келтіргендер! Жарларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар, сабырлылық танытыңдар, Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін»,-деген («Ниса» сүресі, 19-аят). Сонымен қатар: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, ажырасуға сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы», – деп («Ниса» сүресі, 34-аят) отбасына жауапкершілікпен қарап,  ажырасудың алдын алу керектігін айтқан.
Құран аяттары мен пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерін біліп, дін жолымен жүріп, адамгершілік пен имандылықты басшылыққа алатын әрбір отбасының іргесі берік болары хақ.
Әрбір ата-ана баласына ең құнды мұра-жақсы тәрбиені қалдыра алады. Баланың тұлға болып қалыптасуы отбасында жүреді, иман мен әдеп осы жерде беріледі.
Ақмарал Қазиева,
Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің ұстазы