Қазақ халқының дастархан әдептері
Қазақ халқында сақталған әдептілік дәрістерінен нағыз мұсылман ұстанымының көрінісін көреміз. Солардың бірі дастарханда отыру, тамақтану әдебі. Енді халық санасында сақталған сол әдептерді хадис шәрифтермен ұштастырып көрелік.
Дастарханға отырғанда Алланың атын ауызға алып, тамақты табақтың жақын жерінен оң қолмен алып жеу ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі әдеп. Бұл Пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеттерінен алынған өнегелер.
عَنْ عُمَرَ بْنِ أَبِي سَلَمَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ لِي رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «يَا غُلاَمُ سَمِّ اللهَ وَكُلْ بِيَمِينِكَ، وَكُلْ مِمَّا يَلِيكَ». مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ.
Омар ибн Әбу Сәләмә (р.а.) былай дейді: «Маған Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Уа, бала! Алланың атын атап, оң қолыңмен же. Өзіңе жақын жерден же», – деп айтты» [1].
Асты ала бастағанда Алланың есімін айтуды ұмытып, кейіннен есінен түсірсе, «алдында да, аяғында да Бисмилла» десе болады.
عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِذَا أَكَلَ أَحَدُكُمْ طَعَامًا فَلْيَقُلْ بِسْمِ اللَّهِ فَإِنْ نَسِيَ فِي أَوَّلِهِ فَلْيَقُلْ بِسْمِ اللَّهِ فِي أَوَّلِهِ وَآخِرِهِ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.
Мүміндердің анасы Айша (р.а.) былай дейді: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Егер де біреулерің тамақ жесе, «Бисмиллә» деп айтсын. Ал егер басында ұмытса, онда «Басында да, аяғында да «Бисмилла» деп айтсын», – деп айтты» [2].
Асқа сол қолын салған балаға үлкен кісілер оң қолмен жеуді үйреткен. Бұл келесі хадистен алынған тағылым болып саналады.
عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «إِذَا أَكَلَ أَحَدُكُمْ فَلْيَأْكُلْ بِيَمِينِهِ وَإِذَا شَرِبَ فَلْيَشْرَبْ بِيَمِينِهِ فَإِنَّ الشَّيْطَانَ يَأْكُلُ بِشِمَالِهِ ، وَيَشْرَبُ بِشِمَالِهِ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Қайсыбірің тамақ жесе, оң қолымен жесін, ішсе де оң қолымен ішсін. Шындығында, шайтан сол қолымен ішіп, сол қолымен жейді» делінген.