blog Images

ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛУ-УӘЖІП

                                                                             ҚҰРБАН ШАЛУ – УӘЖІП

Құрбан айт күндері мұсылманның атқаратын ең жақсы ісі –құрбан шалу. Пенденің шалған құрбандығы Қиямет күні оның пайдасына куәлік береді.

Бауыздалатын малдың тамағына пышақ тартқанда шыққан қан жерге түспей тұрып, оның сауабы Алла Тағаланың құзырына барады. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан артық Алла Тағалаға жағымды іс істемеген. Әлбетте құрбан малдары Қиямет күні мүйізі, жүні және тұяғымен келеді. Әлбетте қан жерге ағудан бұрын Алланың құзырындағы орынға жетеді. Ендеше оны шын жүректен шалыңыз», – деген (Тирмизи).

Құрбан шалу Алла Тағалаға жақын болу, күнәлардың кешірілуі, Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкір ету, бай мен кедейге кеңшілік жасау үшін міндеттелді. Өйткені осы күні барлық адам Алла Тағаланың қонағы болады, құрбан етінен жейді, оны тарту етеді, одан садақа береді.

 

Мұсылмандардың ұлық мерекелерінің бірі — Құрбан айт. Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра — мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады. Бұл күні Меккеге барған тәуапшылар Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талап-шарттарын атқарса, қажылық жасауға шамасы келмеген мұсылмандар мешіттерде айт намазын оқып, айтулы мерекенің ең маңызды рәсімі — құрбандық шалады. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл жайында: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) басқа абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар», — деп құрбандық шалудың қаншалықты жауапты әрі сауапты іс екенін айтқан. Бұл күні шариғат бойынша барша мұсылманға ортақ ғибадат — құрбандық шалынады. Құрбандық деп Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Сондықтан бұл құрбандық шалу мерекесі, яғни Құрбан айт деп аталады. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Алайда, кез-келген мал құрбандыққа жарай бермейді. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болу қажет:

  1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар (еркек-ұрғашысы бірдей) жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді және тағы басқа да аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда отқа табынушылардың нышаны бар.
  2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса ол құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы қажет.
  3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Сонымен қатар оның бойында малды құрбандыққа жарамсыз ететін кемшіліктер болмауы тиіс. Атап айтқанда, екі немесе бір көзінің соқыр болуы, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, көтерем болуы, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігі болмауы, тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған болса, қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен түсіп қалған болса, сондай-ақ желін ұшының түсіп қалуы, жетекке көнбейтін, үйірге қосуға жарамайтындай асау немесе ауру екендігі анық белгілі болса. Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды тек бір адам ғана, ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп соя алады.