blog Images

Рамазан күндерін ізгі амалдармен көркемдейік

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де Қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Көзді ашып-жұмғанша Рамазан айының ортасына да жетіп қалдық. Алда берекелі айдың екінші жартысы бар, оны біз Жаратушы Алланың разылығы үшін терең, шынайы ғибадатпен толтыруымыз керек.

Оразаның өткен күндерінен соң не нәрсеге көңіл бөлуіміз керек? Ең алдымен атқарылған игі істерді саралап, алдағы күндердегі жоспарымызды тағы бір нақтылауымыз қажет.

Рамазанның алғашқы апталарында ораза ұстаушының денесі режимнің ауысуына байланысты белгілі бір қиындықтарды бастан кешіреді. Әдетте, екінші аптада не оның соңына қарай тәніміз жаңа режимге толығымен үйреніп, ораза ұстау оңайырақ болады.

Алғашқы уақытта адам таң намазының уақыт кірмей тұрып ішілетін сәресіге тұруға қиналады. Уақыт өте, сәресіге тұруға барынша тырысу керек, өйткені бұл айдағы таңғы ас пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге ұстануға кеңес берген сүннеті.

Адамзаттың мырзасы (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

«Сәресін ішіңдер! Расында сәрелік аста құт-береке бар» деп айтса, екіншісінде:

«Біздің ораза мен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы сәресі ішуде», – деген.

Негізінде, ауызашар сияқты сәресі де әдеттігі тамақтану емес. Бұл Алла Тағалаға жасалған құлшылықтың бір түрі. Олай болса, таң алдында жасалған екі ғибадат – сәресі мен таң намазында дінімізді ыждағаттылықпен ұстанған, аз да болса демалуы мен жайлылығын құрбан еткендерге берілетін сансыз рухани игіліктер жасырылған.

Алла елшісі (с.ғ.с.): «Таң намазының екі ракағат сүннеті – бұл дүниеден және ондағы нәрселерден де хайырлы», деп ескерткен.

Бұл жалған дүние көптеген игіліктерге толы, пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінен анық көрініп тұрғандай, екі рәкағаттық сүннет намазы өз дәрежесімен бүкіл әлемнен асып түседі.

Егер қосымша намаздың осындай дәрежесі болса, онда парыз болған намаз туралы не айтуға болады, әсіресе ол жамағатпен бірге оқылса?

Алла елшісі (с.ғ.с) бұл жөнінде: «Егер кімде-кім үйінен дәрет алып шығып, мешітке қарай қадам басса және Алла Тағаланың бұйырған парыз амалдарын орындаса (яғни, жамағатпен намаз оқыса), оның әр басқан қадамдарына күнәлары кешіріліп, сонымен қатар дәрежесі көтеріледі»,деген екен.

Демек, осы айдың қалған күндерінде мешітте жамағатпен оқылатын намаздарға мән беруіміз керек.

Келесі назар аудару керек нәрсе – Құран оқу. Рамазан – Құран айы. Қасиетті кітапты оқу – ерекше ғибадат. Әрбір секунд сайын адам өзінің сезім мүшелері арқылы орасан зор ақпаратты қабылдайды, олардың көпшілігі кейде оның мінезі мен өміріне практикалық немесе рухани пайда әкелмейді.

Осы орайда Құранды оқу немесе тыңдау бізгежетіспейтін тыныштыққа жетуге көмектесетін ерекше әсерге ие. Рамазан айының мүбәрәк күндерінде Алла Тағала тарапынан түсірілген Құран Кәрімнің терең илаһи мәнімен сусындау қажет.

Адам баласы Құранға дұрыс көңіл бөлген кезде, өзінің және қоршаған ортасындағы өзгерістерді байқай бастайды.

Рамазан – тәубе уақыты. Біліп, білмей істеген күнәларыңыздың сізді үмітсіздікке ұшыратуына жол бермеңіз. Алланың мейірімі мен рақымы шексіз екенін ұмытпаңыз. Күнәларды жасаудан бас тартып, шын жүректен өкінген адамның тәубесін Алла қабылдайды.

Сондай-ақ, ауыз ашудың қадіріне назар аударуымыз керек. Осы орайда Алла елшісінің(с.ғ.с.):

«Кімде-Кім ауыз бекіткен (ораза ұстаған) адамның ауызын аштырса, ораза ұстағанның сауабындай сауап баріледі. Бұдан ораза ұстаушының сауабы еш кемімейді» деген сөздерін еске түсірген жөн.

Рамазандағы кешкі ауызашар уақыты берекелі екенін, Алла Тағала осы кезде адамдардың дұғасын қабыл алатынын ескерсек, барша мұсылмандарға береке, ынтымақ һәм тыныштық тілеген абзал.

Рамазан түнінде жамағатпен тарауық намазын оқу өте асыл дәстүр. Ұжымдық ғибадаттың бұл түрі намаз оқитындардың рухани сауаптарын көбейтіп, күнәларын өтеуге көмектеседі.

Рамазан айының әрбір сәтін бағалай білуімізкерек. Берілген мүмкіндікті барынша пайдаланып, Рамазан айын ғибадатпен, ізгі амалдармен безендіру үшін барымызды салайық. Құран айы мен оразада тілмен, құлақпен, қолмен, оймен жасалған жаман істерден бас тартайық.

Алла Тағала біздің оразаларымызды қабыл етіп, Рамазанды нәтижелі өткізу жазсын. Әмин!

Асқар Ахлиддин

Ақ