Маңғыстау облыстық «Бекет-ата» мешіті
«Бекет ата» мешіті Ақтау қаласында салынған. 2000 жылы Бекет атаның 250 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақтау орталығында мешіттің алғашқы кірпіші қаланды. Көп ұзамай құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Салмақ демеушілерге түсті. Тіпті, сонау Ресейдегі қандасымыз Аман Төлеев те Алла үйіне деп 150 мың теңге үлес қосты. Жобасын «Айсель Қазақстан» компаниясының президенті Серік Сұлтанғалиев жасады. Алла үйі Маңғыстаудағы көне тарихи ескерткіштер ерекшелігі ескеріліп салынған. Құрылысы 2002 жылдың желтоқсанында аяқталды да 2003 жылдың 14 наурызында салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл еліміздің батыс аймағындағы үлкен де сәулетті әрі бірегей мешіт. Оның жалпы аумағы 2810 шаршы метр, бас мұнарасының биіктігі 50 метр. Бір мезгілде мұнда 2000 ер, 300 әйел намаз оқи алады. Неке қиюға арналған 100 кісілік бөлмесі де бар. Сондай-ақ мәжіліс залы, кітапхана, 20 ер және 20 қыз балаға лайықталған кітап оқитын бөлмелердің болуы ескерілген. Қабырғалары Алла тағаланың 99 есімі мен сипаты, Құран сүрелері жазылған финнің ақмаржан кірпіштерімен қапталған. Ғимараттың «менмұндалап» тұрған биік мұнарасы мен әдемі күмбезі алыстан әсемдігімен көзге түседі. Бірінші қабатында киім ілгіш, қосжарықты вестибюль, дәліз орналасқан, ол арқылы үлкен намаз бөлмесіне, діни салт-дәстүрлер залына, имам мен жұмыс бөлмелеріне, мұнараға өтуге болады. Үлкен намаз залының орталығында михраб, оның төбесіне күмбез орнатылған. Үлкен намаз залының жобадағы нышаны төртбұрышты, залға мінбер қойылған. Екінші қабатында кіші намаз залы бар, ол да михрабқа бағытталып, үстінде төрт кіші күмбездер орнатылған. Діни салт-дәстүрлер залы – қосжарықты, екі кіші күмбезі, үлкен залдың оң жағында, михрабқа бағытталған. Әйелдер залы – қосжарықты, оның да екі кіші күмбезі мен михрабы бар. Вестибюль арқылы екінші қабатқа көтерілуге болады. Онда оқу залы мен кітапхана орналасқан. Фоэенің үстімен кіші намаз залына және оқу сыныптары мен имам бөлмелеріне өтесіз. Михрабтың, күмбездердің беттері көркем керамикамен қапталған. Үлкен зал, әйелдер залы және кіші залдар едендері астынан жылытылады, өрнектермен әшекейлендірілген жайнамаз кілемдер төселген. Ғибадат үйіне кіретін негізгі есіктер жаңғақ ағашынан ойып жасалған. Ғимараттың қасбеті финдік ақ клинкер кірпішімен қапталған, галереялық арка артындағы қабырғалар ақ түспен сырланған. Баспалдақтарға гранит төселген. Үлкен күмбездер мен кіші күмбездер көгілдір мозаикалық тақтайшалармен беттелген. Бас порталдың ішкі қуыс қабырғасы фибробетонмен қапталып, оған қасиетті Құран аяттары жазылған және Ислам діни сәулет өнеріне сәйкес әрленген. Шаруашылық-қызмет үйі мешіт ғимаратынан бөлек салынған. Онда гараж, демалыс бөлмелері бар. Ғимарат аумағына тас төселіп, көгалдандырылған.
Ашылу салтанатына Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі және халық жазушысы Әбіш Кекілбаев және т.б. қатысып, халықты қуанышымен құттықтап, бата берді.