«Мұсылман әйелдің әлеуметтік желідегі әдебі» атты семинар өтті
Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде «Мұсылман әйелдің әлеуметтік желідегі әдебі» атты семинар ұйымдастырылды.
Танымдық шараның алғы сөзін өңіріміздегі «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі, ұстаз Ұлдаулет Қоңыратбайқызы алып, әдеп мәселесіне назар аударып, әйел адамның әлеуметтік желілерде өзін-өзі ұстауы, ақпарат алмасу барысында ескеруі тиіс ережелері жайлы айтып берді. Осыдан кейін танымал блогер, көпбалалы ана Жансая Ерғалиқызы бала тәрбиесі жайлы айтып, жас ұрпақты әлеуметтік желі зардаптарынан қорғаудағы тәжірибесімен бөлісті. Өз кезегінде облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұстазы Джанабаева Тұрғанай «Әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға еліктеу» тақырыбында баяндама оқыды.
Семинарға жиналған әйелдер қауымы білікті мамандар мен ұстаздарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.