НАИБ ИМАМ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ЖИЫНЫНДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ
Бүгін, 26 қараша күні, Маңғыстау облысының Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы кеңес төрағасы Жүсіпов Бекмұрат Қыдырбайұлының төрағалығымен өтті.
Отырыс барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық маңызы бар бірқатар өзекті мәселелері қаралды.
Бұдан бөлек, дәстүрлі жиындарды өткізу мәселесі бойынша Маңғыстау облысының орталық «Бекет ата» мешітінің имамы Қайрат Маманбаев сөз сөйлеп, екі маңызды бағыт бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Бірінші бағыт – «Ас беру – сауапты іс» тақырыбына арналды. Бұл ретте марқұмдарды еске алуға арналған дәстүрлі жиындарда, атап айтқанда жаназа, үші, жетісі, қырқы және жыл асы кезінде дастархан мәзірін бірізділікке келтіру мәселесі көтерілді.
Екінші бағыт – «Той – тәрбие мен тағылымның жиыны» тақырыбы аясында қаралды. Қазақ халқының тойы тек қуаныштың ғана емес, тәрбие мен тағылымның да ордасы екені атап өтілді. Сонымен қатар, тойдың мазмұнды әрі өнегелі өтуінде ұлттық салт-дәстүрді жетік білетін, білікті де білімді асабаның рөлі ерекше екені айтылды.
Отырыс барысында көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасып, ұсыныстар назарға алынды. Қоғамдық кеңес мүшелері өңірдің дамуына, табиғи байлықтарды сақтауға, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
Қоғамдық кеңес өңірдегі өзекті мәселелерді талқылау, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеру бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.
