Дін мен дәстүр: Оразмағанбет ахун мешітінде рухани семинар өтті
Бүгінде қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – отбасы беріктігі мен саналы ұрпақ тәрбиесі. Дін мен дәстүр бағыты аясында Жаңаөзен қаласы Рахат ауылдық «Оразмағамбет ахун» мешітінің ұйымдастыруымен отбасы құндылықтарына арналған тағылымды іс-шара өтті.
Басқосудың басты арқауы – бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі болды. Келімберді ахун мешітінің ұстазы Аида Тлепова «Бала тәрбиесі – бесіктен» тақырыбында кеңінен сөз қозғап, ұрпақтың бойына имандылық, үлкенге құрмет және кішіге ізет көрсету қасиеттерін ерте жастан сіңірудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, бүгінгі ақпараттық заманда бала тәрбиесінде ата-ананың үлгі-өнегесі мен жауапкершілігі ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Ал Арайлым Асқарқызы «Әйел – өмір өзегі» тақырыбында уағыз-насихат айтып, шаңырақтың берекесін сақтаудағы әйел затының парасаты, сабыры мен ізгі қасиеттері жайында терең ойлармен бөлісті . ҚМДБ Әйел – қыздар секторының Маңғыстау облысы бойынша жетекшісі Ұлдаулет Қоңыратбайқызы жиын барысында ерлі зайыптылардың ортақ міндеттеріне кеңінен тоқталды. Игі бастамаға ризашылығын білдірген тұрғындар мұндай тәрбиелік мәні зор кездесулер жиі өткізіліп тұрса деген тілектерін жеткізді.
