blog Images

Маңғыстау имамдары 2026 жылдың жылдық есебін қорытындылады

Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында  ҚМДБ Маңғыстау облысы бойынша өкілдігіне қарасты қала, аудан және ауыл мешіттерінің имамдары бас қосып, 2026 жылы атқарылған жұмыстар бойынша жылдық есеп берді.

Жиында өңір мешіттерінде жүзеге асырылған діни-рухани, ағартушылық және қайырымдылық бағытындағы жұмыстардың нәтижелері сараланып, жыл бойы атқарылған іс-шаралар қорытындыланды.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жариялаған «Ислам және адал қоғам» жылы аясында бекітілген негізгі бағыттар бойынша өңір мешіттерінде бірқатар маңызды бастамалар мен игі шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту, діни сауаттылықты арттыру және ұлттық дәстүрлерді дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді.

Жиында  Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы қала, аудан және ауыл имамдарының қызметіне тоқталып, атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жасады. Сонымен қатар, Діни басқарма мен облыстық өкілдіктің жылдық жоспарын орындауда белсенділік танытып, дін қызметінде жауапкершілік пен табандылық көрсеткен имамдарға алғыс білдірді.

Басқосу барысында өкілдіктің әрбір бөліміне жауапты мамандар да өз бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы кезеңге қатысты ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Жиын соңында өңірдегі діни қызметтің тиімділігін арттыру, жоспарланған жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету және қоғамның рухани дамуына үлес қосу бағытындағы міндеттер талқыланды.