Жастар күніне орай Жаңаөзенде Құран жарысы өтті
Жаңаөзен қаласына қарасты мешіттердің ұйымдастыруымен Жастар күніне орай 25 жасқа дейінгі жастар арасында «Құран – көңілдің шамшырағы» атты Құран жарысы өтті.
Рухани шараның мақсаты – жастардың Құран Кәрімге деген сүйіспеншілігін арттыру, қасиетті кітапты оқуға ынталандыру және діни сауаттылығын жетілдіру.
Байқау «Фәжр» және «Нас» сүрелері аралығында ұйымдастырылды. Жарысқа Жаңаөзен қалалық орталық «Әбіш қожа» мешітінің бас имамы Жұмырбаев Жұмабай, қала және ауыл мешіттерінің имамдары мен жастар қатысты.
Құран оқу сайысының қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға қаржылай сыйлықтар мен мадақтау грамоталары табысталды.
Сайыс қорытындысы бойынша:
І орын – Жұмабек Көптілеуұлы (50 000 теңге);
ІІ орын – Матжанов Қуаныш (30 000 теңге);
ІІІ орын – Дочаев Ғабит (20 000 теңге).
Рухани шара соңында қатысушыларға ізгі тілектер айтылып, жастардың діни білімін арттыру мен Құранға деген құрметін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.
