blog Images

Жаңаөзенде ҚМДБ құжатын насихаттауға арналған рухани жиын өтті

Жаңаөзен қаласы, Рахат ауылдық «Оразмағанбет ахун Тұрмағанбетұлы» мешітінде «Құдайы ас– жарыс емес, сауап. Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.

Іс-шараға Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, қала имамдары, Жаңаөзен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүзбай Күмісбаев бастаған ақсақалдар,ру билері,сондай-ақ жыршы, асабалар – Арғын Бисенов пен Бақтыбай Елеусінов және өзге де асабалар қатысты.

Облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлы кездесу барысында құдайы ас дастарқанына ұсынылатын тағам мәзірін таныстырды. Сондай-ақ ҚМДБ қабылдаған «Құдайы аста ысырапқа жол бермеу» құжатының негізгі талаптарын түсіндіріп, ас беру кезінде шектен тыс шығынға бармай, қарапайымдылық пен үнемшілдікті ұстанудың маңызын атап өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты – құдайы ас беру мәдениетін қалыптастыру, ас беруде ысырапшылдық пен бәсекелестікке жол бермеу, ұлттық дәстүр мен діни құндылықтарды сабақтастыра отырып, қоғамға дұрыс бағыт-бағдар беру.

Жиында құдайы астың мән-маңызы, ас беру барысында қарапайымдылық пен үнемшілдікті сақтау, той-томалақтың тәрбиелік әрі тағылымдық сипатын арттыру мәселелері талқыланды.

Қатысушылар бұл бағыттағы насихат жұмыстарын бірлесе жүргізудің маңыздылығын атап өтті.