Балалар үйіне қайырымдылық көмек көрсетілді
ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Облыстық мамандандырылған балалар үйінде» тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге қайырымдылық көмек көрсетілді.
Игі шара аясында балаларға аяқ киім, жеміс-жидектер мен тәттілер табысталды. Қайырымдылық шарасының мақсаты – бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап, олардың көңілдеріне жылулық ұялату.
Ізгілікке бағытталған шара барысында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы балалармен кездесіп, оларға ақ тілегін арнады. Сондай-ақ бүлдіршіндердің болашағы жарқын болып, бақытты ғұмыр кешулеріне дұға жасады.
Әрбір бала бақытты балалық шаққа, мейірім мен қамқорлыққа лайық. Осындай қайырымдылық шаралары қоғамдағы жанашырлық пен ізгілікті нығайтып, балаларға үміт пен қуаныш сыйлайды.
