РАНТ мүшесі облыстық «Бекет ата»мешітінде жұма уағызын айтты
ҚМДБ РАНТ мүшесі Серікхан Рымханұлы Маңғыстау облысына жасаған іссапары аясында облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде жұма уағызын айтты.
РАНТ мүшесі «Адал еңбек – берекенің кілті» тақырыбында насихат айтып, адал еңбектің адам өміріндегі маңызы, адал табыс табудың артықшылығы мен берекелі ғұмырдың негіздерін кеңінен түсіндірді.
Серікхан Рымханұлы өз уағызында мұсылман баласы үшін адалдықтың орны ерекше екенін атап өтіп, әрбір істі жауапкершілікпен атқаруға, маңдай термен табыс табуға және өзгенің ақысына аманат деп қарауға шақырды.
Сондай-ақ адал еңбек адамның жеке өміріне ғана емес, қоғамның дамуы мен елдің өркендеуіне де оң ықпал ететінін жеткізді. Адал жолмен келген ризықтың қадірін білу, еңбекке құрметпен қарау және отбасын адал табыспен қамтамасыз ету – әрбір мұсылманның маңызды міндеттерінің бірі екеніне тоқталды.
