Облыстық семинарда той мен садақаны ұлттық дәстүрге сай өткізу мәселесі талқыланды
ҚМДБ «Дін мен дәстүр»бағыты аясында Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде отбасы құндылықтарын дәріптеуге арналған «Дін мен дәстүр -ұлттық тәрбиенің қос тірегі» атты облыстық семинар өтті.
Тағылымды шараға ақ жаулықты аналар, ардақты ақсақалдар, мешіт жамағаты және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Семинар барысында өңірлік асаба Әбілұлы Сәттіғұл той өткізу тәртібі, садақа беру мәдениеті және жиын барысында орын алуы мүмкін әбестік әрекеттерден сақтану жөнінде тағылымды ой айтты.
Өз сөзінде ол той мен садақаны ысырапшылдыққа салынбай, шариғат талаптары мен ұлттық салт-дәстүрге сай өткізудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, үлкенді сыйлау, жиын барысында әдеп сақтау, жастарға дұрыс бағыт-бағдар берудің мәнін атап өтті.
Баяндамашы тойдың даңғаза мен бәсекенің емес, береке мен бірліктің, тәрбие мен тағылымның ордасы болуы керектігін жеткізді. Сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрдің тәрбиелік мәнін сақтап, әрбір жиынды мазмұнды әрі өнегелі өткізуге шақырды.

