blog Images

«Шаңырақ» мешітінде танымдық семинар өтті

Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінде жамағатқа «Уақыптың ислам дініндегі орны мен маңызы» тақырыбында  танымдық семинар өтті.

Жиында мешіттің бас имамы Еркеғали Сағынбайұлы уақыптың шариғаттағы орнына тоқталып, оның мұсылман баласы үшін сауапты әрі ізгі амалдардың бірі екенін түсіндірді.

Уақып – белгілі бір дүние-мүлікті Алланың разылығы үшін халықтың игілігіне арнап, одан түсетін пайдасын қайырымдылық пен ізгі істерге жұмсау. Ислам тарихында уақыптың алар орны ерекше. Өйткені уақып арқылы мешіттер, медреселер, білім ордалары, құдықтар, жолдар және басқа да қоғамдық нысандар бой көтеріп, халыққа қызмет еткен.

Бас имам өз сөзінде уақыптың тек жеке адамға ғана емес, тұтас қоғамға пайдасы тиетін игі іс екенін атап өтті. Бір адамның жасаған уақыбы кейінгі ұрпаққа да қызмет етіп, оның сауабы жалғаса беруі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, уақып – садақаның қоғамға тигізер пайдасын арттыратын әрі ізгі істің жалғастығын қамтамасыз ететін қайырымдылықтың бір түрі.

Сондай-ақ Еркеғали Сағынбайұлы жамағатты қолындағы мүмкіндігіне қарай ел игілігіне үлес қосуға, қайырымдылық жасауға және сауапты істердің тұрақты жалғасуына себепші болуға шақырды.

Уақып – өткеннің аманаты ғана емес, бүгінгі қоғамның да қажетіне жарайтын игі дәстүр. Бір адамның Алла разылығы үшін жасаған амалы талай жанның игілігіне айналып, қоғамның рухани және әлеуметтік дамуына өз үлесін қоса алады.

Алла Тағала жасаған қайырлы істерімізді қабыл етіп, ел игілігіне жұмсалған әрбір уақыпты еселеп сауаптан жазғай!