Жаңалықтар

Жаңаөзен халқы Мәуліт мерекесін атап өтті

Жаңаөзен мешіттерінің ұйымдастыруымен «Мұнайшы» мәдениет үйінде Мәуліт мерекесі атап өтілді.

Рухани іс-шараны ашқан Жаңаөзен қаласының бас имамы Юнус Қадырқұлұлы қала жұртшылығын адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туған айымен құттықтады.

«Өнер қырандары» театры өнерпаздарының ғибратты оқиғаға толы қойылымы көрермен көңіліне ой салып, ерекше әсерге бөледі.

Облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің азаншысы Әли Қазақ бастаған Ақтау медресесінің шәкірттері қазақ және араб тілдерінде Мәуліт жырын оқығаннан кейін, жамағат пайғамбарымызға (с.ғ.с) ерекше ықыласпен салауаттар айтып, сәлемдер жолдады.

Іс-шара соңында Юнус Қадырқұлұлы дін тақырыбында қалам тербеп жүрген БАҚ өкілдеріне, жергілікті құлшылық үйлерінің ізгі бастамаларына қолдау білдіріп жүрген демеушілерге, «Өнер қырандары» театрының ұжымына, Әли Қазақ ұстазға және Маңғыстау жеріне арнайы жұмыс сапарымен келген Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі Нұрәлі Бақытұлына алғыс хаттар табыстап, арнайы сыйлықтар берді.

Көрермендер қауымына ҚМДБ-ның төл басылымы «Мұнара» газетінің кезекті саны үлестірілгенін де айта кеткеніміз жөн.

Шарапатты Мәуліт мерекесіне келген Жаңаөзен қаласының тұрғындары мен қонақтары ұйымдастырушыларға ризашалықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Баршамызға Алланың рахымы мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағаты нәсіп болсын! 

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close