Жаңалықтар

«Сағынышқа айналған әз-Мұхаммед» атты Мәуліт кеші өтті

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысындағы өкілдігі Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық–драмалық театрында «Сағынышқа айналған әз-Мұхаммед» атты Мәуліт кешін ұйымдастырды.

Рухани іс-шара шымылдығын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Құдайбергенұлы және жазушы, ақын Сабыр Адай ағаларымыз ашып, кеш қонақтарын мүбәрак мерекемен құттықтады.

Алланың берген қабілетін имандылықпен байланыстырған дарынды жігіттеріміз ардақты пайғамбарымыз, екі дүние сұлтаны Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрметіне жыр, терме орындағаннан кейін, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табыстады.

«Маңғыстаудың киелі топырағында көптеген жылдар бойы қызмет етіп, Бекет атадан бастап Ержан хазіретке дейінгі тұлғалардың мұрасын жалғап, қиналғанға қамқор, жұртқа жанашыр, үлкенге іні, кішіге аға, шәкіртке ұлағатты ұстаз болып, қоғамның руханиятын арттыруда атқарған еңбектеріңіз үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Маңғыстау өкілдігінің атынан Сіздерге шын жүректен алғыс білдіреміз», дей келе бас имам Ақшұқыр, Ақшымырау, Онды, Сайөтес, Сенек ауылдық мешіттерінің имамдарына қаржылай сертификаттар берді.

Жүрегі кең, қолы ашық жергілікті кәсіпкер ағаларымыздың қолдауымен Асқар Қожаұлы және Тимур Молдаханұлы есімді екі кемтар бауырларымызға кіші қажылыққа жолдама берілді.

Осыдан кейін Маңғыстау өкілдігінің ізгі бастамаларына атсалысып жүрген өлкетанушы, жазушы Кенжебек Сержанұлы, сондай-ақ, түрлі деңгейдегі іс-шараларда тағылымды һәм тәрбиелік бағыттағы ғибратты қойылымдарымен көрерменнің көзайымына айналған «Өнер қырандары» театрының ұжымына да арнайы алғыс хаттар табыс етілді.

Закон қажы апамыз Маңғыстау қажыларының атынан «Өнер қырандары» театрының актрисасы Дана Тұрарбекқызының иығына қазақы дәстүрге сай шапан жапқанын да атап кеткеніміз жөн.

Өңірімізге арнайы келген Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі Нұрәлі Бақытұлы Мәуліт мерекесінің тарихы туралы әсерлі уағыз-насихат айтты.

Облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің азаншысы Әли Қазақ бастаған Ақтау медресесінің шәкірттері қазақ және араб тілдерінде Мәуліт жырын оқып, жамағатпен бірге пайғамбарымызға (с.ғ.с) ерекше көңілмен салауаттар айтып, сәлемдер жолдады.

«Өнер қырандары» театрының ұжымы болса Мәуліт мерекесіне арналған өнегелі қойылымдарын қойып, діни тақырыптағы әндерді шырқады.

Шарапатты Мәуліт мерекесіне келген Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтары ерекше әсерге бөленіп, ұйымдастырушыларға ризашалықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Баршамызға Алланың рахымы мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағаты нәсіп болсын! 

 

 

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close