Жаңалықтар

Өңіріміздің екі мешіті жарыққа бөленді

Мешіт – Аллаға құлшылық етуге арналған, сондай-ақ мұсылман үмбетінің өмірінде маңызды рөлге ие діни ғимарат. Мешіттің құрылысына, оның көркеюіне көрсетілген кез-келген көмек тек Алла Тағаланың разылығы үшін таза, шынайы ниетпен жасалуы керек. 

Қасиетті Құранның «Тәуба» сүресінің 18-ші аятында: «Алланың мешіттерін тек Аллаға және ақыретке иман келтірген, намазды кемеліне жеткізіп үзбей әрі уақытылы оқитын, зекетті толық беретін, сондай-ақ Алладан өзгеге ешкімнен именбейтін шынайы мүміндер ғана лайықты деңгейде көркейте алады. Міне солар тура жолдан таймай, мақсат-мұраттарына жетуге үміт ете алады» деп айтылған.

Осы хадисті ту етіп, Алла разылығына ие болуға асыққан ата-бабаларымыз құлшылық үйлерінің қадір-қасиетін жете түсініп, олардың құрылысына барынша көмектесуге тырысқан. Бекет атамыздың жер асты мешіттері осы сөздеріміздің айқын дәлелі десек артық айтқанымыз емес.

Бүгінгі таңда да, маңғаз Маңғыстау жерінде мешіттердің салынуына, жөнделуіне, көркеюіне қолғабыс етіп жатқан азаматтар аз емес. Осындай жандардың көмегінің арқасында, өңіріміздегі екі мешітке түнгі уақытта көрік беріп тұратын арнайы шамдар орнатылды.

ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай облысымыздағы бірқатар мешіттер, атап айтқанда, Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылдық мешіті, Түпқараған ауданындағы Таушық ауылдық мешіті күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, Бейнеу аудандық орталық мешіті мен Қарақия ауданындағы Сенек ауылдық мешітінде де жылу өткізу сынды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып кеткеніміз жөн.

 

1. Жаңаөзен қаласының әкімшілігінің қолдауымен түнгі сәулеттік-декоративтік жарықтандыру жұмыстары аясында орталық «Әбіш қожа» мешітінің декоративтік жарықтандырылуы іске қосылды.

 

2. Қарақия аудандық орталық мешіті имамдарының ұйытқы болуымен, «Фирдаус» еріктілер тобы және Құрық ауылдық №6 мектеп ұстаздарының көмегінің арқасында, түнгі уақытта мешіт айналасына жарық түсіріп тұратын 24 шам және ғибадат үйінің ауласын жарықтандырып тұратын 4 шам орнатылды.

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close