Жаңалықтар

Карантин кезінде Маңғыстау мешіттері 1470 отбасына қайырымдылық жасады

Еліміздегі індеттің өршуіне байланысты, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әр аймақтағы мешіттерде санитарлық талаптарды қатаң сақтау және садақа ниетімен құрбандық шалуды ұйымдастыруды тапсырған болатын.

Осыған орай, Маңғыстау өңірінің қалалық және аудандық мешіттерінде 10 ірі қара мал және 30 қой сойылып, 3 тоннаға жуық ет мұқтаж отбасыларға таратылды. Облыстық «Бекет ата» мешітінде 240 отбасына азық-түлік және 230 отбасына ет үлестірілді.

Балаларды қорғау күніне орай, 200 балаға тәттілер мен жеміс-жидек салынған арнайы сыйлықтар тарту етілді.

«Соңғы айларда өңірімізде індет өршіп, науқастар саны күрт артып кетті. Тұрғындар карантин тәртібіне көшіп, оқшауланды. Бұл кезең әсіресе, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға ауыр тиіп отыр. Елдің басына төнген қауіпті кезеңде Алладан медет сұрап, қасиетті Құран сүрелерін оқып, қолдан келгенше әлсізге демеу болып, мұқтажға қолдау көрсетіп жатырмыз», – дейді ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Елжанов.

Облыс орталығындағы Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде осы жылдың маусым-шілде айларында 330 отбасына азық-түлік пен ет таратылған. Осы уақыт ішінде 7 қой және 1 ірі қара мал сойылып, бұл ет тізімде тұрған отбасыларға және әлеуметтік жатахана тұрғындарына жеткізілген.

«Мұқтаж жандарға көмек көрсету – исламнан. Алла біздерге мал-мүлік берсе, Оның берген нығметіне шүкіршілік етіп, Алланың разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беруіміз керек. Бұл туралы Құранда «Олардың малдарында қайыршының және жарлының да ақысы бар» делінген», – дейді Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Қайрат Маманбаев.

Биылғы жылдың маусым-шілде айларында Жаңаөзен қаласындағы 5 мешіттің ұйымдастыруымен 3 ірі қара, 15 қой сойылып, 146 адамға ет таратылған. Сондай-ақ, 224 отбасына азық-түлік үйді-үйге жеткізілген. «Әбіш қожа» мешіті имамдары 20 мұқтаж отбасына 50 000 теңге қаржылай көмек берілген.

Ал, Мұнайлы ауданына қарасты мешіттерде бұл уақыт ішінде 135 отбасына азық-түлік пен 80 отбасына құрбандыққа шалынған 2 ірі қара малдың еті жеткізілген.

Бейнеу аудандық мешітінде 30 отбасына ет таратылып, мұқтаждарға қолдау көрсетілген.

Шетпе мешітінде де өгіз сойылып, оның еті 35 әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға жеткізілді.

Мешіттердің тізімінде тұрған мұқтаж отбасылар, көп балалы және жалғызбасты аналар, осы игі іс-шараға бастама болған барша ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Ел тұрғындарына сынақ болған карантин кезінде Маңғыстау мешіттері онлайн тәртіпке ауысса да, жұмыссыз отырған жоқ. Маусым-шілде айларында барлығы 1470 отбасына азық-түліктей көмек көрсетілген.

Маңғыстау имамдары ізгі дәстүрден айнымай, тұрмысы нашар отбасыларға алдағы уақытта да барынша қолдау көрсете бермек.

   Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close