Жаңалықтар

Бас имам Құрмет Талапқазымен кездесті

Бүгін ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы Құрмет Талапқазымен кездесті. Кездесуге Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ақылдастар алқасының мүшесі Қуанышбек қажы Спанұлы қатысты.

Қазақ даласы қашанда қайырымды және дархан пейілді азаматтарға кенде емес. Олардың бірін білсек, бірін білмейміз. Барша қазақ халқына аты мәшһүр болған Құрмет Талапқазы солардың бірі.

Өңірімізде орын алған қуаңшылық жағдайына байланысты халықты ұйымдастырып шөп шабумен ғана емес, оны жеткізумен айналысқан бұл жігіт Маңғыстау жұртының ғана емес, бар қазақтың ықыласына бөленді десек артық айтқанымыз емес.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақылға сай, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы Құрмет Талапқазымен арнайы кездесіп, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының дұғай сәлемін жеткізіп, сындарлы сәттегі қайырымды іске ұйытқы болғаны үшін рахмет айтып, өкілдік атынан сый-сияпат жасады.

«Адамның емес, Алланың разылығын ойлайтын өзіңіздей қайырымды жандарға Алла разы болсын! Алла сізге дініміздің, халқымыздың және Отанымыздың игілігі үшін жұмыс істеуге күш-қуат берсін. Раббымыз отбасыңызға екі дүние бақытын нәсіп етсін», деді Әнуар Ізімбайұлы кездесу барысында.

Кездесу соңында Қуанышбек ағамыз Құрмет Талапқазына ақ батасын берді.

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close