Жаңалықтар

«Аялы алақан» қайырымдылық керуені: 300 отбасыға көмек көрсетілді

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміздің аумағында «Аялы алақан», «Тайқазан» сынды бірқатар ауқымды қайырымдылық жобалары жүзеге асып келеді. Осы жобалар аясында ас-садақалардың орнына, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға садақа таратыңыздар деген ҚМДБ-ның үндеуіне үн қосқан Жамал апамыздың ұрпақтарының мұрындық болуымен жүзеге асқан «Аялы алақан» қайырымдылық керуені барысында әлеуметтік жағдайы төмен 300 отбасыға көмек көрсетілді.

Аналар көп, ел анасы, аналардың анасы атануға лайық жан аз. Сол аздың бірі һәм бірегейі – күні кеше арамыздан өтіп, нұрлы жүзі естен кетпейтіндей із қалдырған апамыз Әбілазимова Бибі-Жамал Әбдімәлікқызы, бүгін – 2 наурыз күні ортамызда болғанда 80 жасқа аяқ басар еді. Осыған орай, ақ жүректі апамыздың салиқалы ұрпақтарының ұйытқы болуымен Маңғыстау өңірінде ауқымды қайырымдылық шарасы өтті.

Ізгі шара басында ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Ізімбайұлы бастаған дін қызметкерлері, марқұм болған апамыздың рухына Құран бағыштап, Алла Тағаладан жарылқау тіледі.

Өңіріміздегі мешіттердің имамдары мен еріктілері жергілікті әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға азық-түлік себеттері мен қажетті киім-кешек салынған қораптарды үйлеріне дейін жеткізіп, үлестіріп берді.

«Жамал апамыздың атқарған істері мен қайырымдылықтары туралы қанша айтсақ та жеткіліксіз. Анамыздың есімі халқының есінде мәңгі қалмақ. Көптеген хадистерге сәйкес, салихалы ұрпақтарының қайтыс болған әке-шешелері мен ата-бабаларының атынан жасаған ізгі амалдарының сауабы, Алланың қалауымен марқұмдардың дәрежесінің өсуіне септігін тигізері анық. Жұқпалы індеттің қаупі сейілмеген кезде, дүниеден өткен жақындарымыздың ас-садақаларын осындай қайырымдылық іс-шараларымен алмастырсақ абзал болады», – деді Әнуар қажы Ізімбайұлы.

Ұқсас жазбалар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Close