«Жас маман, ауылға қадам бас, маман!»: Маңғыстаулық жас мамандарға қызметтік жолдамалар табысталды
Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Жас маман, ауылға қадам бас, маман!» атты арнайы шара өтті.
Жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ орталық аппаратының қызметкерлері, 2025–2026 оқу жылында діни оқу орындарын тәмамдап, діни қызметке бөлінген жас мамандар қатысты. Сонымен қатар облыстардың Бас имамдары мен ҚМДБ бағыттарына жауапты мамандар онлайн форматта қосылды.
Қатысушыларға ҚМДБ қызметінің негізгі бағыттары туралы бейнеролик көрсетіліп, жас мамандардың діни қызметтегі жауапкершілігі мен халыққа қызмет етудің маңызы түсіндірілді.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз баяндамасында жас мамандардың алған білімдерін ел игілігіне жұмсап, ауылдық жерлердегі діни-ағартушылық жұмыстарды жандандыруы, жамағатпен тығыз байланыс орнатуы және рухани құндылықтарды дәріптеуі маңызды екенін атап өтті.
Шара барысында діни қызметке тағайындалған жас мамандарға қызметтік жолдамалар табысталды. Маңғыстау облысы бойынша Қанағат Мұхтарұлы – Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе ауылдық «Әл-Хаким» мешітінің наиб имамы, Балымгүл Азанхункызы – Түпқараған ауданы, Сайын Шапағатов ауылдық мешітінің ұстазы, Рахат Оразбайұлы – Қарақия ауданы, Сенек ауылдық мешітінің имамы, Исмағил Мұстахиұлы – Қарақия ауданы, Жетібай ауылдық «Сүйінғара Үргенішбайұлы» мешітінің ұстазы және Дүйсенов Талғат Шарафатұлы – Батыр ауылдық «Келімберді Ахун» мешітінің наиб имамы қызметіне жолдама алды.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жас мамандарға қызметтік жолдамаларын арнайы табыстап, жаңа қызметтеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі діни-ағартушылық жұмыстарды күшейтіп, жамағатпен тығыз байланыс орнатуға және елдің рухани дамуына үлес қосуға шақырды.
Шара соңында Бас мүфти жас мамандарға бата беріп, қатысушылар естелік суретке түсті.

