blog Images

«Жарапазан – жақсылық жаршысы» атты сайыс өтті

Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде «Жарапазан – жақсылық жаршысы» атты сайыс ұйымдастырылды.

Өскелең ұрпаққа қасиетті Рамазан айының келгенін хабарлайтын, халықты ізгілікке үндейтін Жарапазан жырының мәнін түсіндіру, жас ұрпаққа Рамазан айының мерекелік көңіл-күйін сезіндіру мақсатында жүзеге асқан шараға 13 жасқа толмаған 30 жасөспірім қатысты.

Әділ-қазылар шешімімен қатысушылар арасынан үздік деп танылып І орынға Құлданбай Омар (9 жас) ие болса, ІІ орын Әскербай Ибраһимге (9 жас), ал ІІІ орынға Боранбай Қарақатқа (11 жас) бұйырды. Ең жас қатысушы аталымы Бекен Ридуанға (6 жас) берілді.

Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы жүлделі орын иегерлеріне дипломдар мен қаржылай сыйлықтарды табыс етсе, «Бір дем» қайырымдылық қоры сайыстың әр қатысушысына арнайы дайындалған «Рамазан базарлығын» үлестірді.

Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі