Жаңаөзенде Құрбан айтқа орай 300 балаға мерекелік кеш ұйымдастырылды
Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай, Жаңаөзен қалалық орталық «Әбіш қожа» мешітінің ұйымдастыруымен бүлдіршіндерге арналған мерекелік шара өтті.
Ізгі шара аясында 300 балаға көтеріңкі көңіл күй сыйланып, арнайы мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Балалар мерекелік бағдарламаны тамашалап, қызықты ойындарға қатысып, шат-шадыман күй кешті. Сонымен қатар, Sem7sem Kids Park ойын-сауық орталығында бүлдіршіндерге тегін ойын алаңдары ұсынылып, түрлі тәттілер мен сыйлықтар таратылды.
Шара барысында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бұл мейрамның татулық пен мейірімділіктің, қайырымдылық пен бауырмалдықтың мерекесі екенін атап өтті. Сондай-ақ балаларға ақжарма тілегін арнап, әр шаңыраққа амандық, береке және қуаныш тіледі.
