blog Images

Жаңаөзенде қаза тапқан сарбаздардың рухына Құран бағышталды

Жаңаөзен қаласында тәжік-ауған шекарасында бітімгершілік қызмет атқару барысында қаза тапқан қазақстандық сарбаздардың рухына арналған еске алу шарасы өтті.

Шара барысында Жаңаөзен қаласының бас имамы Еркеғали Сағынбайұлы Құран аяттарын оқып, ел тыныштығы жолында жанын қиған жауынгерлердің рухына бағыштап дұға жасады.

Еске алу рәсіміне ардагерлер, жамағат өкілдері мен жастар қатысып, Отан қорғау жолында қаза тапқан ерлерге тағзым білдірді. Жиында бейбітшіліктің қадірі, ел амандығы мен бірліктің маңызы сөз етілді.

1993–2001 жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасында өткен бітімгершілік қызмет барысында қазақстандық сарбаздар әскери борышын абыроймен атқарып, олардың бірқатары осы жолда шейіт болды.