V республикалық имамдар форумы басталды
Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында V республикалық имамдар форумы басталды.
Форумға Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ғұламалар, Сарапшылар кеңесінің мүшелері, медресе-колледж бен қарилар орталығының директорлары, сондай-ақ еліміздің әр аймағынан келген 350 имам қатысуда.
Игі іс-шара Қазақстан Республикасының мемлекеттік гимнімен басталып, қасиетті Құран аятымен ашылды. Одан кейін мүфтияттың жыл басынан бері атқарған іс-шаралары туралы бейнеролик көрсетілді.
Форум бағдарламасына сәйкес «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани (діни және ұлттық) құндылықтарды насихаттаудағы рөлі» және «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасы құжаттары қаралып, қабылданбақ. Басқосу соңында форум Үндеуі жарияланады.