blog Images

«Той – тәрбие мектебі»: Ұлттық құндылықтар мен той мәдениеті талқыланды

ҚМДБ«Дін мен дәстүр» бағытының 2026 жылға арналған жоспары аясында Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде «Той-тәрбие мектебі» тақырыбында асабалармен арнайы жиын өтті.

Басқосуда бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналған той мәдениеті мен асабалардың жауапкершілігі сөз болып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ысырапшылдыққа жол бермеу бағытында зиялы қауым өкілдері асабаларға өз ұсыныстарын жеткізді.

Жиынға Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы қатысып, сөз сөйледі. Өз сөзінде бас имам той-томалақтарда әдеп пен тәртіпті сақтау, ысырапшылдыққа жол бермеу, ұлттық құндылықтарды ұлықтау және жастарға өнегелі тәрбие берудің маңыздылығына тоқталды.

Тағылымды кездесуге  Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетұлы, Мұнайлы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шапай Әбілов Жақайұлы, ардагер тележүргізуші Сағындық Рахметов,қажы ардагер Базарбай Әбдірахманов, кәсіби медиатор  Насыреддин Қожырбаев, сондай-ақ  асабалар Елдос Оңғарбаев, Сәттіғұл Баянбердиев,  Нұрбақыт, Нұрсұлтан, Жангелді, Жақсыбай қатысты.

Бүгінде Маңғыстау өңірінде  жүзге жуық асаба той тізгінін қолға алып, ел алдында қызмет атқарып келеді. Кездесу барысында асабалардың қоғамдағы орны, халық алдында сөз сөйлеу мәдениеті, жиын-тойларда әдеп нормаларын сақтау, ұлттық дәстүрді дұрыс әрі мазмұнды насихаттау және жастар тәрбиесіне оң ықпал ету мәселелері кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар ардагерлер мен қажы аналар да бас қосып  тағылымды ойларын ортаға салды. Олар кейінгі буынға өнеге болатын тәрбиелік мәні жоғары сөздердің айтылуы, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің дәріптелуі, отбасылық құндылықтардың насихатталуы аса маңызды екенін атап өтті.

Жиын барысында асабалардың тек көңіл көтеру ұйымдастырушы ғана емес, халыққа бағыт-бағдар беретін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тұлға ретіндегі жауапкершілігі сөз болды. Осы ретте әрбір тойдың тәрбиелік мәнін арттырып, салт-дәстүр мен дін талаптарына қайшы келетін орынсыз әрекеттерден аулақ болу қажеттігі айтылды.

Басқосу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, той мәдениетін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ету бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да бірлесе жалғастыруға ниеттерін білдірді.