blog Images

Сүйінші! Жаңаөзен — Ақтау тас жолында намазхана ашылды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысындағы өкілдігі және «Көмек Жаңаөзен» қорының ұйытқы болуымен Жаңаөзен — Ақтау тас жолы бойында намазхана ашылды.

Халықтың сұрауы бойынша тұрғызылған намазхананың ашылуына Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы, жергілікті дін қызметкерлері және «Көмек Жаңаөзен» қорының өкілдері қатысты.

Ендігі жерде жолаушылар ауа-райының қолайсыздығына қарамастан құлшылық-ғибадаттарын алаңсыз атқара алады. Намазхана аптасына 7 күн, тәулік бойы жұмыс істейді. Ер және әйел азаматтарға бөлек бөлмелер қарастырылған.

«Маңғыстау табиғатының тылсым көрінісіне тамсанып, киелі орындар мен тарихи-мәдени ескерткіштерді көруге келетін саяхатшылар мен жергілікті тұрғындардың тілегі қабыл болып, игі бастамамыз жүзеге асты. Алдағы уақытта облысымыздағы өзге де тас жолдардың бойында осындай нысандарды ашу ойымызда бар», деді облыс бас имамы.