«Шырақшылық – сауапты қызмет» атты семинар өтті
«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында Маңғыстау облысы дін істері басқармасы және Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешіті «Шырақшылық – сауапты қызмет» атты семинар ұйымдастырды.
Маңғыстау өңіріндегі тарихи-мәдени орындар мен қорымдардағы шырақшылардың қызметтерін бірізділікке келтіру және жерлеу рәсімінің тәртібін сақтау, тарихи және мәдениет ескерткіші болып табылатын ежелгі қорым кешендерін қорғау мәселелерін талқылауға арналған кездесуге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Серікұлы, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлы, Маңғыстау облысы дін істері басқарма басшысының м.а. Әсет Сансызбайұлы, Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әбілқайыр Жанайұлы, Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының бас маманы Қ. Ислам, «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» ММ-нің басшысы Нұрлан Абызұлы және облыс аумағында орналасқан қорымдардағы шырақшылар, сондай-ақ, тарихшылар мен өлкетанушылар қатысты.
Жиын барысында Қ. Ислам шырақшыларға облысымыз бойынша жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастыру қағидаларын түсіндірсе, Нұрлан Абызұлы ұлттық тарихи-мәдени мұраларды қорғау және күтіп ұстау мәселелеріне тоқталды.
Облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлы ҚМДБ тарапынан қабылданған «Зират және зиярат мәдениеті» құжатын насихаттауды, шырақшылардың білімін жетілдіруді ұсынды.
Шырақшылар болса елді-мекендерден алыс орналасқан қорымдардағы байланыс, су, газ және өзге де мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін айтты.