blog Images

«Шаңырақ»мешіті:Құрбан айтта ерекше бүлдіршіндерге айттық тәттілері үлестірілді

Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінің  ұйымдастыруымен Маңғыстау облысының білім басқармасына қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Оңалту орталығында» қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.

Игі шара барысында мешіт қызметкерлері ерекше күтімді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы екі арба сыйлап, тәтті сыйлықтар үлестірді. Бұл – балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың өміріне жанашырлық пен мейірім шуағын дарытқан тағылымды іс болды.

Қайырымдылық шарасы кезінде балалардың жүзіндегі шаттық пен шынайы күлкі жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Осындай ізгі амалдар қоғамдағы бауырмалдық пен қамқорлықтың маңызын айқындай түседі.

Құрбан айт – тек құрбан шалу мерекесі ғана емес, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, жүректерге қуаныш сыйлайтын рухани мейрам. Ислам діні адамзатты мейірімділікке, қайырымдылыққа және бір-біріне жанашыр болуға үндейді.

Жаңаөзен қалалық мешіті алдағы уақытта да әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар мен балаларға бағытталған қайырымдылық шараларын тұрақты түрде жалғастыруды мақсат етеді.

Алла тағала жасалған барлық қайырымдылықтарды қабыл етіп, елімізге тыныштық, береке және амандық нәсіп етсін!