«Шаңырақ»мешіті:Құрбан айтқа орай спорттық сайыс өтті
Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінің ұйымдастыруымен мешіт жамағаттары арасында шағын футболдан достық турнирі өткізілді.
Жарыстың ашылу салтанатында Жаңаөзен қалалық мешітінің бас имамы Еркеғали Сағынбайұлы қатысушыларды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, жарысқа сәттілік тіледі. Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалып, қатысушылар елге деген құрмет пен патриоттық рухты дәріптеді.
Спорттық сайысқа қала мешіттерінен және ұстаздар құрамасынан жасақталған жалпы саны 8 команда қатысып, әр командада 8 ойыншыдан өнер көрсетті. Турнирдің басты мақсаты – жамағат арасындағы достық пен бауырластықты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды спортқа баулу болды.
Жарыс барысында командалар тартысты ойын көрсетіп, жанкүйерлерге әсерлі сәттер сыйлады. Әрбір кездесу жоғары деңгейде өтіп, ойыншылар өзара сыйластық пен әділ бәсекенің үлгісін көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша үздік ойын өрнегін көрсеткен «Барака Юнайтед» командасы Бас жүлдені жеңіп алып, чемпион атанды. Жүлдегерлер мен белсенді қатысушылар арнайы марапаттармен және сыйлықтармен марапатталды.
Мерекелік спорттық шара көтеріңкі көңіл-күйде өтіп, қатысушылар арасында ынтымақ пен бірлікті арттыруға өз үлесін қосты. Осындай игі шаралар жамағат арасындағы татулықты нығайтып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үндейтіні сөзсіз.
