«Шаңырақ»мешітінің ұжымы тұрғындарға Рамазанға қатысты кітаптарды сыйға тартты
Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінің қызметкерлері қасиетті Рамазан айы қарсаңында қала тұрғындарына рухани насихат жұмыстарын жүргізді.
Игі шара аясында ҚМДБ «Muftyat» баспасынан жарық көрген «Рамазанға қатысты 200 сұрақ», «Рамазан пәтуалары», сондай-ақ «200 вопросов про Рамазан» атты кітаптар «Зиба» сауда орталығында тұрғындарға тегін сыйлық ретінде таратылды.
Аталған кітаптарда оразаға байланысты жиі қойылатын сұрақтар, шариғи үкімдер мен пайдалы мәліметтер қамтылып, Рамазан айындағы құлшылықтарды дұрыс орындауға бағыт-бағдар беріледі.
Шараның басты мақсаты — тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру, қасиетті айдың маңызын түсіндіру және Рамазан айын саналы әрі сауапты өткізуге шақыру.
Жаңаөзен қалалық мешіті алдағы уақытта да халыққа пайдалы рухани-ағартушылық шараларды тұрақты түрде ұйымдастыра бермек.
Қасиетті Рамазан айы барша мұсылман қауымына береке мен мейірім әкелсін!
