blog Images

«Шаңырақ»мешітінде әйел-қыздар арасында танымдық білім сайысы өтті

Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінің 30 жылдығына орай мешіт шәкірттері арасында танымдық білім  сайысы ұйымдастырылды.

Сайыс Данияр Сүлейменовтің «Әйел сахабалар» атты кітабы негізінде ұйымдастырылып, қатысушылардың діни білімін арттыруға бағытталды. Жарысқа әрқайсысы 13 адамнан құралған 3 топ қатысты.

Іс-шара ғибратты уағызбен басталып, кіріспе сөзде әйел адамның Исламдағы мәртебесі, ілім алудың маңыздылығы және сахаба аналарымыз – Хадиша, Айша, Сумәйя (р.а.) сынды тұлғалардың өнегелі өмірі тілге тиек етілді.

Жарыс барысында қатысушылар тек білім сайысына түсіп қана қоймай, нәпсі мен эгоизмді жеңу, тағдырға ризалық таныту секілді рухани құндылықтар туралы да тағылымды ойлармен бөлісті.
Қатысушыларға жеңіс пен жеңілістің де Алланың тағдыры екені, ең бастысы – алынған ілімді күнделікті өмірде, отбасы мен қоғамда амалға асыру екені түсіндірілді.

Сайыс қорытындысы бойынша:

• І орын – «Жәннат гүлдері» тобы (50 000 теңге)
• ІІ орын – «Нұр» тобы (40 000 теңге)
• ІІІ орын – «Раййан» тобы (30 000 теңге)

Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Шара барысында қатысушылар «Әйел сахабалар» кітабы арқылы өздеріне жаңа рухани бағдар алып, шынайы мұсылман әйелінің өнегелі бейнесін тереңірек тануға мүмкіндік алды.