«Шаңырақ»мешітінде әйел-қыздар арасында Құран жарысы өтті
Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешітінің 30 жылдығына және Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай әйел-қыздар жамағаты арасында Құран Кәрімнен Фәжр мен Нәс сүрелерінің аралығын жатқа оқу бойынша рухани жарыс ұйымдастырылды.
Аталған шараның басты мақсаты – шәкірттердің Құранға деген сүйіспеншілігін арттыру, жаттау қабілетін шыңдау және көпшілік алдында көркем әрі сенімді түрде оқу дағдыларын қалыптастыру болды. Қатысушылар тек қана жаттаумен шектелмей, сүрелерді тәжуид ережелеріне сай, анық әрі мәнерлеп жеткізе білді.
Жарыс барысында шәкірттер Фәжр мен Нас сүрелерінің аралығындағы аяттарды мүдірмей, жоғары деңгейде орындап, өзара бақ сынасты.
Жеңімпаздар:
1-орын – Беркалиева Алтын
2-орын – Қиясова Камшат
3-орын – Ермекқалиева Каусар
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен барлық қатысушылар арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
Шара соңында ұстаз Жеделбай Алуа Сәкенқызы қатысушыларға жүрекжарды тілегін білдіріп, Құранды тек жаттап қана қоймай, оны өмірлік серік ету – әрбір мұсылманның басты мақсаты екенін атап өтті. Сонымен қатар, мұндай имандылыққа тәрбиелейтін игі бастамалардың өңірімізде жалғасын табуына тілектестік білдірді.
Бұл тағылымды іс-шара – Құранға деген құрмет пен рухани құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі болды.

{“tint”:0,”temperature”:5500}

