«Шаңырақ»мешіті Құрбан айтқа орай бірқатар қайырымдылық шараларын ұйымдастырды
Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ» мешіті тарапынан кең көлемді қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды.
Айт күндері мұқтаж отбасыларға, зағип жандар мен ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға құрбандық еті таратылып, мерекелік қуаныш сыйланды.
Атап айтқанда, «Зағиптар және мүгедектер қоғамдық қоры» мүшелеріне арнайы қайырымдылық жасалып, 30 отбасыға 3 келіден, жалпы саны 90 келі құрбандық еті үлестірілді.
Сонымен қатар Құрбан айттың үш күні бойы қала тұрғындарына тұрақты түрде қайырымдылық көмектері көрсетілді. Бірінші күні 210 келі, екінші күні 180 келі, ал үшінші күні 90 келі ет таратылып, жалпы көлемі жарты тоннаға жуық құрбандық еті мұқтаж жандарға жеткізілді.
Бұл игі шаралардың басты мақсаты – қоғамда мейірім мен жанашырлықты арттырып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету. Қайырымдылық шарасына атсалысқан барша азаматтарға Алла разы болсын!
Құрбан айт – тек құрбан шалу ғана емес, мұқтажға қол ұшын созып, сауапты істер жасау арқылы бірлікті нығайтатын ұлық мереке.
