«Шаңырақ ш/а» мешіті: Мейірімді бүлдіршіндерге құрмет көрсетілді
Қадір түнінің құрметіне орай Жаңаөзен қалалық «Шаңырақ ш/а» мешітінде ерекше шара өтті.
1 ай бұрын «Шаңырақ ш/а» мешітінде күрделі жөндеу жұмыстары басталған еді. Қаржылай көмек көрсеткен халықтың арасында ата-аналарының берген ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсамай, құлшылық үйіне алып келген 3 қыз бала да бар еді. Бүлдіршіндердің бұл әрекеті дін қызметкерлерін ғана емес, қала тұрғындарын да тәнті етті.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тәмсілді басшылыққа алып, мың айдан да қайырлы Қадір түні мешіт бас имамы Еркеғали Сағынбайұлы аталмыш балаларға құрмет көрсетіп, арнайы сыйлықтарды табыс етті.
«Сендердің жасаған игі істерің көп адамдарға үлгі болды. Кішкентай жүректеріңнен шыққан мейірімділік әрқашан сендерді алға жетелесін. Өркендерің өссін. Сендердей ұл-қыз тәрбиелеген ата-аналарыңа Алла разы болсын», деп Еркеғали Сағынбайұлы ақжарма тілегін арнады.