blog Images

Шағын футболдан қайырымдылық турнирі өтті

Жаңаөзен қаласында «Шаңырақ ш/а» мешітінің атынан шағын футболдан қайырымдылық турнирі ұйымдастырылды.

«Шаңырақ ш/а» мешітінің күрделі жөндеуіне жәрдем беру, халықты бұқаралық спорт арқылы біріктіру, салауатты өмір салтын өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында өткен спорттық шараға 24 команда қатысты.

Салауатты өмір салтына бейім, сонымен қатар қайырымдылық жасауға қашанда әзір азаматтар футбол алаңында тартысты ойын көрсетті.

Нәтижесінде І орынды «Көктем» командасы иеленсе, ІІ орын «ЖБИЛ» командасына, ал ІІІ орын «Coca-Cola» командасына бұйырды.

Жарыс уақытында жиналған 533,868 теңге «Шаңырақ ш/а» мешітінің наиб имамы Дінмұхамбет Алиұлына табыс етіліп, құлшылық үйінің жөндеу жұмыстарына жұмсалатын болады.

Бұл өмірге келген әрбір пенде өзінің артынан өшпес мұра қалдырып кетсем деп армандайды. Сол өшпес мұраның бірі жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала оған жәннаттан орын дайындайды». Сол себепті мешітке рухани, әрі материалдық қолдау көрсету игі істердің қатарына жатады. Алла осы шараға атсалысқан барша азаматтарға разы болсын.