blog Images

«Ризалығы қарттың – берекесі ұрпақтың»: Жаңаөзенде қайырымдылық кеші өтті

Жаңаөзен қаласы орталық Әбішқожа мешітінде Қарттар күніне арналған «Ризалығы қарттың – берекесі ұрпақтың» атты қайырымдылық кеші өтті.

Қарттар күніне орай ұйымдастырылған рухани жиынның мақсаты – қоғамдағы қарттарға құрмет көрсету, ұрпақ санасына үлкенге ізет, кішіге қамқор болу қағидатын сіңіру және рухани тәрбие беру болды.

Шара барысында Жаңаөзен қаласының бас имамы Қажымұқан Далубайұлы жиналған жамағатқа ата-ананың разылығы мен қарияларды құрметтеудің маңызы жайлы уағыз-насихат айтты. Сондай-ақ, мешіттің наиб имамы Әбдімүтәліп Жорақұлұлы ата-ана қадірі жөнінде насихат айтып, Құран оқып, дұға жасады.

Ізгі кеш барысында жиналған қариялар мен жамағат арасында түрлі ойындар ойнатылып, сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен және аз қамтылған отбасыларға азық-түлік түрінде қайырымдылық көмегі көрсетілді.

Мешіт ұжымы мен жамағат атынан қарттарға жылы лебіздер айтылып, олардың өмірлік тәжірибесі мен батасы ұрпаққа үлгі ретінде дәріптелді.