Республика күнінде жамағат арасында волейболдан облыстық турнир өтті
«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұйымдастыруымен мешіт жамағаттары арасында волейболдан облыстық турнир өтті.
Жалпы турнирге Ақтау қаласынан,Мұнайлы ауданы,Бейнеу ауданы,Түпқараған ауданы,Маңғыстау ауданы,Жаңаөзен қаласынан 8 команда қатысып бақ сынады.Мешіт жамағаттары арасында ұйымдастырылған бәсеке тартысты өтті. Тартысты бәсекеде топ жарып, жүлделі І-орын иегері атанған «Бесшоқы»командасы алға озды. Ал жүлделі ІІ-орын «Сұңқар» командасы иеленсе, ІІІ-орын «Хазар» командасы иеленді.
«Спорттың ислам дінінде алар орны ерекше. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлем болсын) «Күшті мұсылман әлсіз мұсылманнан абзалырақ» деген. Сондықтан бүгінгідей ойынның баршамызға берер сауабы мол деп ойлаймын. Алдағы уақытта спорттық сайыстарды жиі ұйымдастырып тұруға тырысамыз!» – деді сөзінде облыс бас имамы Әнуар Ізімбайұлы.
Бірлік пен ынтымаққа және салауатты өмір салтын насихаттауға бастау болатын іс-шараға қаржылай қолдау білдірген Мұнайлы аудандық «Миғраж» мешітіне үлкен алғысымызды білдіреміз!