Рауан елді мекенінде жаңа мешіттің іргетасы қаланды
Рауан елді мекенінде бой көтеріп жатқан жаңа мешіттің іргетасын қалау рәсімі өтті.
Игі шараға облыстың бас имамы Әнуар Ізімбайұлы арнайы қатысып, мешіт құрылысының басталуымен жамағатты құттықтады.
Салтанатты рәсім барысында бас имам мешіттің ел бірлігі мен рухани тәрбие берудегі маңызына тоқталып: «Мешіт – рухани тәлім мен тәрбие беретін құлшылық ордасы. Жаңадан бой көтеріп жатқан бұл мешіт жамағатты имандылыққа үндеп, ізгі амал мен көркем мінездің ордасына айналсын», – деп атап өтті.
Сондай-ақ, бас имам жаңа мешіттің өңірдің рухани өміріне серпін беретінін айтып, құрылысына атсалысып жатқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Айта кетейік, 250 адамға арналған құлшылық үйі жыл соңына дейін халық игіліне беріледі деп жоспарлануда.






